Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жетісу ауданының тұрғыны қала басшысынан Алматы ипподромының мемлекетке қайтарылуы жайлы сұрады.
Алматы ипподромын мемлекетке қайтару мүмкін бе? Өйткені бұл біздің өңірдің тарихи орны десек болады. Ипподромды туристерді әкеліп, біздің ұлттық ойындарымызда көрсететін көрнекті орынға айналдыруға болады. Қазір ипподромның орнына тұрғын үй кешені салыну қауіпі бар, – деді тұрғын.
Алматы қаласының әкімі бүгінгі күні ипподромды қайтаруға қаржылай мүмкіндік жоқ екенін айтты.
Мемлекетке қайтару үшін ипподромды сатып алу қажет. Өкінішке қарай, қазір ондай мүмкіндік жоқ. Біз бұл орынды қаланың бас жоспарында бекіттік. Сондықтан сіз айтқан қауіп төніп тұрған жоқ, – деді Ерболат Досаев.
Айта кеткен жөн, бұған дейін қоғам белсенділері баспасөз-мәслихатын ұйымдастырып, ипподромды мемлекеттің меншігіне қайтаруды өтінген болатын.