Алматы емханаларындағы ұзын-сонар кезек азаяды

5 Наурыз 2019, 14:49
2276
Бөлісу:
Алматы емханаларындағы ұзын-сонар кезек азаяды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Алматыда 104 жекеменшік клиника мемлекеттік тапсырыс аясында халыққа тегін қызмет көрсетеді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл қала бойынша кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында қызмет ететін 185 емдеу мекемесінің 56%-ын құрайды.

«Мемлекеттік тапсырысты орындауға құлшыныс білдірген жеке клиникалар саны соңғы 2 жылда екі есе артқан. Сонымен қатар, жекеменшік сала өкілдері медициналық көмектің көптеген түрлерін көрсетуде белсенділік танытып отыр. Олардың саны Алматы қаласында ғана емес, республика бойынша бірнеше есеге өсті», - дейді Тілеухан Әбілдаев.

Биыл Алматыда стационарлық көмек көрсететін жеке клиникалар саны 2018 жылмен салыстырғанда 11-ге, стационарды алмастыратын көмек түрлерін көрсететін клиникалар саны 7-ге, консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін жеке субъектілер саны 4-ге көбейген.
Сондай-ақ, медициналық сақтандыру қоры Алматы қаласы бойынша 77 емханамен келісімшарт бекіткен. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда 10% артық екен. Емханалардың көбеюі ұзын-сонар кезекті азайтып, учаскелік дәрігерлер жүктемесін төмендетуге мүмкіндік бермек.

Жиын барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Әсел Бисенбаева дәрігерлердің жүктемесін азайту мақсатында 2019 жылы 88 жаңа учаске ашу көзделіп отырғанын жеткізді.

«Пациенттерге ыңғайлы болуы үшін Damumed ақпараттық жүйесі негізінде ұялы қосымша әзірленді. Пациенттер аталған жүйе арқылы дәрігерге жазылып, зертханалық талдаулар нәтижелерімен таныса алады. Сондай-ақ, қосымшаның көмегімен үйге дәрігер шақыртуға болады. Осындай кешенді шаралардың арқасында пациенттерге қызмет көрсету уақыты 20 пайызға, кезекке кететін уақыт 30%-ға қысқаруы тиіс», - деді ол.

Кепілдендірілген тегін медициналық көмекті жеткізуші мекемелерді республикалық және 17 аймақтық комиссия іріктейді екен. Мемлекеттік тапсырысты алғысы келетін емдеу ұйымдары міндетті түрде Қордың жеткізушілер базасына енген болуы тиіс.

Брифинг барысында биыл Алматы қаласындағы медицина ұйымдарымен 105,2 млрд теңгеге келісімшарт бекітілгені де айтылды.

Әділет МҰСАХАЕВ

Өзгелердің жаңалығы