Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында коронавируспен күреске бөлінген қаражаттың жұмсалуына байланысты тексеріс жүріп жатыр.
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров онлайн брифинг барысында құқық қорғау органдары тарапынан тексеріс жүріп жатқанын растады. Алайда тексеріс қандай бап бойынша жүргізіліп жатқанын атамады.
Расымен де, Covid-19 инфекциясымен күресу үшін бөлінген бюджет қаржысын бақылауға байланысты тексеру шаралары жүріп жатыр. Қозғалған қылмыстың іске қатысты тұсын айта алмаймын. Оны тиісті органдардың өздері айтқаны жөн шығар, - деді Надыров.
Сонымен қатар ол Денсаулық сақтау басқармасы штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.
Жұмысты тоқтатуға қандай да бір санкция салынған жоқ. Құқық қорғау органдары бюджет қаржысын бақылау жөніндегі өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал біз Үкімет тапсырған тапсырмаларды орындау үшін өз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз, - деді ол.