Алматы дәрігерлері 92 жастағы қарттың жамбас буынын толық ауыстырды

15 Маусым 2022, 21:00
1827
Бөлісу:
Алматы дәрігерлері 92 жастағы қарттың жамбас буынын толық ауыстырды

Алматы, BAQ.KZ. Ота жасатып жамбас буынын толығымен алмастырған Наиль Альхамов бүгінде ауруханадан шығуға дайындалып жатыр. Бұл оның эндопротездеу бөліміне үшінші мәрте жатуы. Бұған дейін 2000 және 2012 жылдардағы операцияларды да осы Төртінші аурухана дәрігерлері жасаған.

Өмірінің 40 жылын құқық қорғау қызметіне арнаған Наиль ақсақал дәрігерлерге де, өзіне де жоғары талап қояды.

Жамбас буынын алмастыру оңай шаруа емес. Мен бұл операцияға жатпас бұрын көп ойландым. Жүрек, бүйрек тапшылығы бар, ұйқы безі, бауыр ауырады. Дәрігерлер де менің денсаулығым үшін біраз алаңдады, қанша дегенмен жас келіп қалды, биыл 92-демін. Соған қарамастан ота сәтті, аса жоғары деңгейде өтті. Операция залында болып жатқанның бәрін біліп, естіп жаттым. Еш жерім ауырған жоқ, - дейді Наиль Альхамов.

Алматы дәрігерлері 92 жастағы қарттың жамбас буынын толық ауыстырды

Бағасы көптің қалтасын көтере бермейтін жоғары технологиялық ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жасалды. Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, МӘМС пакеті азаматтарға қажетті қызметтердің бәрін дерлік қамтиды деуге болады.

Мәселен, бір буынды алмастыру құны шамамен 1,5-2 млн теңге тұрады. Ал, сақтандырылған тұрғын мұндай көмек қажет болса қаражат жағынан қам жемей қызметті қажетінше пайдалана алады. Оның үстіне, қаладағы ауруханалар заманауи технологиялармен толық жабдықталған. Бұл көмекті басқа жаққа бармай, жергілікті жерде алуға мүмкіндік береді, - дейді Тілеухан Әбілдаев.

Үшінші отаны ірі буындарды алмастыру бөлімшесі меңгерушісі Манарбек Әубәкіров жасады.

Бір айта кетерлігі, №4 Қалалық клиникалық аурухана еліміздің оңтүстік-батыс өңірлеріне травматологиялық және ортопедиялық көмек көрсететін аймақтық орталық мәртебесіне ие.

Біздегі дәрігерлердің қай-қайсысы да жамбас, тізе және иық буындарын алмастыру жағынан үлкен тәжірибе жинақтаған. 10 жылда мұнда эндопротездеу бағытында 16 мыңнан астам операция жасалған. Ауруханада иық, шынтақ, тізе, жіліншік буындарын артроскопиялық қалпына келтіру әдісі кеңінен қолданылады. Клиникада травматология және ортопедия кафедрасы жұмыс істейді. Белгілі дәрігер Қанат Тезекбаев жетекшілік ететін кафедра жарты ғасырға жуық уақыттан бері елдегі травматологтардың тұтас бір буынын дайындап шығарған білім ордасына айналды, - дейді аурухананың бас дәрігері міндетін атқарушы Біржан Досмайылов.

Өзгелердің жаңалығы