Алматыда Республика күніне орай жастар арасында спартакиада ойындары өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жарысқа 1500-ден астам алматылық қатысты. Ойындардың жалпы жүлде қоры 2,5 миллион теңгеден асады.
Ауқымды спорттық іс-шараның негізгі бөлігі М.Әуезов атындағы стадионда ұйымдастырылды. Студенттерден құралған 20-дан астам баскетбол командасы бақ сынасты.
Жарыс жоғары деңгейде өтті, мұнда жиналған командалар мықты болды. Бір қуантарлығы, Алматыда спорттық жарыстар жиі өтіп тұрады, оған жастар құрамалары қатыса алады. Бұл студенттердің дамуына, шымыр болуына мүмкіндік береді. Турнирге қатысқан барлық команда мүшелері мықты, лайықты қарсылас болды деп айта аламын, – дейді Аслан Дерімбай есімді ойыншы.
Айта кету керек, черлидинг бойынша біріншілік қалалық және облыс командалары арасында өтті. Төреші әрі жаттықтырушы Лина Борисованың айтуынша, черлидинг Қазақстанда 15 жыл бұрын пайда болған.
Алматыда көркем гимнастика қарқынды дамып келеді. Дегенмен көптеген мектептерде черлидинг үйірмесі жоқ. Сол себептен мектеп оқушылары спорттан тыс қалады. Енді черлидингтің дамуымен балалардың осы жолда өзін көрсетуге осы жарыста мүмкіндіктері бар. Бұл пәннің артықшылығы - дене бітіміне қарамастан кез келген бала жарамды, – дейді жаттықтырушы Лина Борисова.
Спартакиадада шағын футбол, черлидинг, баскетбол, үстел теннисі, шахмат және волейболдан жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етіліп, әр спорт түрінің жеңімпаздары 500 мың теңге жүлде қорына ие болды.