Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы Қалалық жедел-шұғыл көмек көрсету ауруханасының қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Омаров брифинг барысында бір айда кене шаққан 40 адам көмекпен жүгінгенін айтты.
Оның айтуынша, Алматының жедел-шұғыл ауруханасына 1-30 сәуір аралығында кене шаққан 40 ересек адам түскен. Кене шағудан зардап шеккендердің 16-ы ауруханаға жеткізілген соң кене шығарылып алынған, ал 15 адам кенені өздері алып тастаған. Сондай-ақ ауруханаға жүгінген 40 адамның бәріне кенеге қарсы екпе салынған.
Сонымен қатар ол Алматы бойынша кене шағу ықтималдығы жоғары аймақтарды атады.
Мәселен, Көктөбе, Бутаковка, Медеу, Алмаарасан шатқалдарында кене шағу ықтималдығы жоғары. Кенелер наурыздан қазанға дейін белсенді болады. Ең қауіпті кезең ол сәуір-маусым аралығы. Олар көбінде шөпте, бұталарда болады, тіпті ағашқа да көтерілуі мүмкін. Сондай-ақ қала ішіндегі саябақтарда, жаяу жүретін жолдың жағасында, биік шөп өсетін жерлерде жиі кездеседі,-деді ол.
Кенелер күн сәулесін ұнатпайды екен. Сондықтан көлеңкеге тығылады. Ең қауіпті аймақ таулы жерлер.