Almaty Birgemiz қорынан 23 мыңнан аса адамға 50 мың теңгеден қаржы бөлінді – Nur Otan

10 Сәуір 2020, 17:54
1697
Бөлісу:
Almaty Birgemiz қорынан 23 мыңнан аса адамға 50 мың теңгеден қаржы бөлінді – Nur Otan

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі күнге 21 мыңнан астам адамға қаржылай көмек көрсетіліп, жұмыстың 90% аяқталды. Қалған азаматтарға ақшалай көмек 5 күн ішінде түседі. Айтылған ақша айыппұл, несие және басқа да төлемдер есебіне ұсталмайды. 

Бұл туралы Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров брифинг барысында айтты.

С. Канкуров коронавирус пандемиясына байланысты Елбасы Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Nur Otan партиясы халықтың осал топтарын қолдау бойынша бірқатар кешенді шаралар ұйымдастырғанын атап өтті. 

Әдетте азаматтармен жұмыс істеудің басты құралы  ол партияның қоғамдық қабылдау бөлімдері. Біз жыл сайын 20 мыңнан астам өтініштерді қабылдаймыз, ешбір өтініш жауапсыз қалған емес. Көптеген сұрақтар туындап жатқанына байланысты мен карантин кезеңінде Алматы қаласында Nur Otan партиясының тарапынан көрсетіліп жатқан көмек туралы баяндағым келіп отыр. Бірінші. Аса қажеттілікті талап ететін азаматтарға атаулы көмек көрсету мақсатында «Birgemiz» республикалық корынан қаржыландырылатын Almaty Birgemiz қоры құрылды, - деді ол.

Оның айтуынша, бұл қор аса мұқтаж азаматтарға, оның ішінде аз қамтылған көп балалы отбасыларға (атаулы әлеуметтік көмек алатындар), бірінші топ мүгедектеріне, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, ең төменгі немесе базалық зейнетақы алатындарға, жетімдерге көмек көрсетеді.

Алматы қаласы бойынша жалпы саны 23 мың 472 адамға 50 мың теңгеден қаржы бөлініп отыр. Азаматтардың аталған санаттар бойынша тізімдері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес жасалды. Егер көмек алушы аталған санатқа кіретін болса, онда ол адамға көмек автоматты түрде көрсетіледі. Ешқайда барудың қажеті жоқ. Ақша жәрдемақы немесе зейнетақы түсіп жүрген карточкаңызға Almaty Birgemiz қоры мен Nur Otan партиясының атынан смс-хабарландырумен бірге түседі, - деді ол.

Бүгінгі күнде 21 мыңнан астам адамға қаржылай көмек көрсетіліп, жұмыстың 90% аяқталған. Қалған азаматтарға ақшалай көмек 5 күн ішінде түседі. Айтылған ақша айыппұл, несие және басқа да төлемдер есебіне ұсталмайды.

Өзгелердің жаңалығы