Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына сапары барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Алматы тұрғындарының саны жыл сайын өсіп жатыр. Соның 60 пайызы көші-қон арқылы жүзеге асады. Бұл жағдай қаланың әлеуметтік инфрақұрылымына елеулі әсер етеді. Қазір қаладағы балабақшаларда 19 мыңнан астам орын жетпейді. Бұл тапшылықты азайту үшін мемлекеттік және жеке меншік балабақшаларды шұғыл түрде салу керек.
Сондай-ақ, балаларды мемлекеттік білім тапсырысы арқылы мектепке дейінгі жеке білім беру мекемелеріне орналастыру қажет. Әкімдікке үштен алты жасқа дейінгі балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуды тапсырамын. Бұл міндетті 2025 жылға дейін орындау керек, - деді ол.
Оқушылардың саны жыл сайын орта есеппен 12-15 мыңға артып келеді.
Сол себепті, мектептерде орын тапшылығы жоғары. Қазір 29 мыңнан астам оқушыға орын жетпейді. Бұл ахуал оқушылардың сапалы білім алуына кері әсер етеді.
Алматыда алдағы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасымен 37 мың орындық 22 мектеп салу керек. Басты міндет – 2030 жылға қарай бір ауысыммен оқытуға толық көшу. Ішкі миграция қарқынды дамып жатқандықтан, осындай мәселелер туындап отыр. Алайда, жас ұрпақты сапалы балабақша, мектеппен қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Сондықтан, бұл тапсырмалар міндетті түрде толық орындалуы керек, - деді Президент.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласына да тоқталып өтті.
Қаладағы денсаулық сақтау саласы туралы айтсақ, мұндағы негізгі міндет – инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру. Алматыда емханалар мен ауруханалар әбден ескірген. Тұрғын үйлер салған кезде әлеуметтік нысандар дұрыс жоспарланбайды. Ал, бұл алдымен тұрғындардың өміріне теріс әсер етеді. Яғни, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің қолжетімді болуына, жедел жәрдемнің дер кезінде көмекке келуіне кедергі келтіреді.
Әкімдік жаңа медициналық нысандар салып, жаңғырту үшін арнайы жоспар әзірлеуі керек. Бұл шаралар ана мен бала өлімін азайтып, азаматтардың ауыр дерттен сақтануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек жүйесін дамыту қажет. Келесі жылы халықаралық деңгейдегі көпбейінді аурухана құрылысын бастау керек. Жобаны мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы жүзеге асырған жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әкімдікке жыл сайын кемінде 3 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырды.
Қаланың қарқынды өсіп келе жатқан аудандарында перзентханасы бар ауруханалар салу керек. Халықтың денсаулығын сақтау үшін науқастарды емдеумен қатар, аурудың алдын алу өте маңызды. Осы орайда, қала тұрғындарының саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау қажет.
Қазіргі таңда алматылықтардың үштен бірі ғана дене шынықтырумен айналысады. Жалпы, дамыған қалаларда саламатты өмір салтының инфрақұрылымы деген ұғым бар. Алматының барлық аудандарында осындай инфрақұрылым салынуы керек. Қазір қаладағы спорт нысандары негізінен орталықта орналасқан. Шеттегі аудандарда мүлдем жетіспейді. Сондықтан, әкімдікке жыл сайын кемінде 3 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын, - деді ол.