Алматы әуежайындағы оқиғаға байланысты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айыпталған Ақтау прокуроры Ерболат Әбдіров сотта кінәсіз деп танылды. Сот ісі тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтаудағы әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотта Ерболат Әбдіровке қатысты іс аяқталды. Бұған дейін ол ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы – "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді.
Көптің назарын аударған оқиға 27 тамызда Алматы әуежайында болған.
Іс материалдарына сәйкес, прокурор екі жерлес жігітпен – ағайынды бауырлармен танысып, олармен бірге ұшаққа бет алған. Терминалдан әуе кемесіне апаратын автобустың ішінде бір оқиға орын алып, соның негізінде 28 тамызда Линейлік полиция бөлімінің қызметкері Әбдіровке қатысты хаттама толтырған. Оған қоғамдық тәртіпті бұзды деген күдік тағылды.
Алайда сот прокурордың әрекетінен құқықбұзушылық құрамын таппады. Үкімде оның балағат сөздер қолданбағаны, агрессия танытпағаны, өзгелерге тиіспегені және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекет жасамағаны атап көрсетілген. Бұдан бөлек, куәгерлер – сол ағайынды бауырлар – сотта прокурормен ешқандай жанжал болмағанын және оған қатысты шағымдарының жоқ екенін мәлімдеді.
Әбдіровті қорғауда қосымша дәлел ретінде сараптама қорытындысы ұсынылды. Онда оның жағдайы қалыпты болғаны: сөзі байланысқан, уақыт пен кеңістікті дұрыс бағдарлай алғаны анықталды. Сондай-ақ сот автобустың қолданыстағы заңнамаға сәйкес қоғамдық орынға жатпайтынын, әуежайдың арнайы көлігі екенін ескерді.
10 қыркүйекте судья Иниятулла Досетов құқықбұзушылық құрамы болмағандықтан істі тоқтату туралы шешім шығарды. Дегенмен, 11 қыркүйекте Бас көлік прокуратурасы бұл шешімнің заңдылығын тексеретінін хабарлады. Шешім табыс етілген күннен бастап 10 күн ішінде тараптар Маңғыстау облыстық сотына шағым түсіре алады.
Бұған дейін біз Алматы әуежайында шу шығарған Ақтау прокурорына қызметтік тергеу басталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.