Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алып, сөмкесінде жарылғыш зат бар деп мәлімдеген 67 жастағы ер адамға қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Қылмыстық іс Түрксіб аудандық сотында ашық режимде қаралып жатыр.
Айыптау актісіне сәйкес, Алматы қаласының тұрғынына ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша айып тағылған:
• 261-баптың 2-бөлігінің 4-тармағы – "Кепілге алу" (7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған);
• 293-баптың 3-бөлігі – "Қару қолдана отырып бұзақылық" (3 жылдан 7 жылға дейін);
• 273-бап – "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау" (5 000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру).
Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы, прокурор Бертаевтың айтуынша, сотталушы тергеу барысында өз кінәсін мойындап, дәлелдермен дауласпаған. Осыған байланысты сот істі қысқартылған тәртіппен қарауға шешім қабылдаған.
Жәбірленуші, Алматы әуежайының қызметкері Ботагөз Мұхтарова сотта 7 наурыз күні болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның айтуынша, сотталушы өзін полицияға жеткізуді талап етіп, сөмкесінде бомба бар екенін айтып қорқытқан. Әуежайдың қауіпсіздік қызметі дереу әрекет етіп, оқиға орнына құқық қорғау органдары шақырылған.
Сотталушы сотта өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта сот талқылауы жалғасып жатыр.
Еске салайық, Алматы әуежайында ер адам қызметкердің бірін кепілге алғандығын жазған едік. Әуежайда ерлік жасап, қызметкерді пышақпен қорқытып, кепілге алған қаскөйдің қолынан суық қаруын тартып алған адамның кім мәлім болған еді.
Белгілі болғандай, бұған дейін де сотталған.