Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы инвест форумы аясында 2,3 млрд доллар сомасында 31 меморандумға қол қойылды. Оның ішінде Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту жобасы да бар.
Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев брифинг кезінде айтты.
Оның айтуынша, әуежайға жаңа терминал салу үшін алдағы 2 жыл ішінде 150 млн еуро тартылады.
Сонымен бірге бес жыл ішінде осы жобаға тағы 500 млн еуро инвестиция салу жоспарлануда. Басты міндет инвесторлармен бірге Алматы өңірлік хабқа айналдыру. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Жарты жылдың ішінде терминалдың құрылысы басталады, - деді ол.
Оның айтуынша, форум аясында экономиканың басым салаларына және инновациялық келешегі бар салаларға инвестиция тарту көзделген.
Қазіргі таңда қала бойынша сауда, жылжымайтын мүлік, инновациялық салаға басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар, креативті салаға да үлкен мән берілуде, оның ішінде IT және коммуникациялық, әлеуметтік салалар бар. Форум аясында алты дөңгелек үстел өтіп жатыр. Оның басым бөлігі инновациялық және келешектің салаларына арналып отыр. Смарт-сити, туризм, әлеуметтік салалар. Сондай-ақ, медицина, білім және ғылым саласына басымдық беріліп отыр, - деді әкім орынбасары.
Сонымен қатар, ол Корея мен Австралия компаниялары қалада емхана мен клиника салуға келіскенін жеткізді.
Бұл екі медициналық мекеме қаланың екі жағында орналасады. Бірі Құлжа тасжолы бойында салынса, екіншісі орталықта болады. Сондай-ақ, білім саласында да үш келісімге қол қойылды. Логистика, фармацевтика салалары бойынша да шетелдік инвесторлармен біріккен жобаларға қол қойылды, - деді Сапарбек Тұяқбаев.
Сөз арасында ол форумға 30-дан астам мемлекеттен 700 қатысушы келеді деп күтілгенін, алайда олардың саны бүгін мыңнан асқанын айтты. Оның ойынша, бұл инвесторлардың Алматыға деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.