Алматы ауасын тазартуға Дүниежүзілік банк көмектеседі

18 Сәуір 2021, 01:27
1580
Бөлісу:
Алматы ауасын тазартуға Дүниежүзілік банк көмектеседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы әкімдігі Дүниежүзілік банк, Халықаралық қаржы корпорациясы және Ұлттық экономика министрлігі, Алматы облысының әкімдігімен бірге қаланы дамытудың «Алматы – 2050» стратегиясын іске асыруға мүмкіндік беретін өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.

Келісімнің басты міндеті – экономика, кәсіпкерлік, энергетика, урбанистика, цифрландыру, жасыл экономика және агломерация салаларындағы ынтымақтастықты дамыту.

Сондай-ақ келісім «Үлкен Алматы» агломерациясы, Алматы агломерациясының цифрлық платформасын дамытуды да көздейді.

Агломерацияларды дамыту туралы заң жобасының тұжырымдамасы әзірленеді. Оның аясында басқару үдерістерінде туындайтын қарым-қатынастарды, мемлекеттік қолдауларды және жалпы агломерацияны функциялауды реттеу жоспарланып отыр, – деп жазылды қала әкімдігі таратқан хабарламада.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров Дүниежүзілік банкке қала мен Алматы агломерациясының одан әрі дамуына үлес қосуға ниет білдіргені үшін алғыс айтты.

Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров меморандумның бірлескен жұмысқа жаңа серпін беретінін атап өтті.

Банк серіктестіктермен бірге көлік инфрақұрылымын, қаланың жасыл ландшафтарын дамытуға және экономиканың тұйық циклдерін әрі ауаның ластануына қарсы іс-шараларды іске асыруға қолдау көрсетеді, – деді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто.

Өзгелердің жаңалығы