Алматыдағы ауаның сапасына байланысты мәселелер бір жыл емес, бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Бұл туралы қарапайым тұрғындар мен белсенділерден бастап, қала әкімшілігі мен Мемлекет басшысына дейін айтып жүр. Соған қарамастан бұл мәселе әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Мегаполистегі ауа сапасы неге нашар және оны тазарту үшін қандай шаралар атқарылып жатқандығын Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді.
Тау етегінде орналасқан Алматы қаласы атмосфераның төменгі қабатында ластаушы заттардың жиналуымен байланысты кешенді мәселелерге тап болып отыр. Жиі болатын инверсиялар, көліктерден шығатын көк түтін мен ЖЭО, әлсіз желдер және тығыз құрылыс жағдайды одан әрі қиындатады. Соның салдарынан, әсіресе қыс мезгілінде, Алматыда жыл сайын ауа сапасының жоғары ластануына байланысты жүздеген жағдай тіркеледі.
Қыс – қаладағы ауа сапасы ең лас кезең
Сарапшылардың айтуынша, қала тұрғындары әсіресе жылыту маусымында темекі шегуге ұқсас ауамен демалу жағдайына жиі тап болады. Жылына әрбір қала тұрғыны зиянды заттардың көлемін жүздеген темекі шегуге тең мөлшерде жұтады. Ал ауа ең лас деген қыстың үш айының бірінде жай ғана далада 30 күн тыныстау – 70 темекі шеккенмен пара-пар. Кейде бұл жүктеме бір күннің ішінде 5−6 темекіге тең.
2024 жылы Алматының ауасы 16 күн ғана ластанбаған
Мамандар жылы ауа райы мен желсіздік атмосферада зиянды заттардың жиналуына қолайлы жағдай жасайды, өйткені олар таралмайды деп есептейді.
Зерттеуіміз бойынша, 2024 жылы Алматыда РМ2.5 (ауадағы қатты бөлшектер) орташа жылдық концентрациясы ДДСҰ ұсынған деңгейден шамамен бес есе жоғары болды. Автокөлік құралдарынан шығатын негізгі ластаушы азот диоксидінің деңгейі нормадан 4,2 есе артты. Бір жылдың ішінде Алматыда азот оксидінің концентрациясы шамадан аспаған 16 күн ғана болған. Ауа сапасы денсаулыққа қатты әсер етеді: PM2.5 деңгейінің небәрі 10 мкг/м³ артуы ӨСОА ауруына шалдығатындар санын 18% өсіреді, – дейді “Almaty Air Initiative” қорының атқарушы директоры Жұлдыз Саулебекова.
Ауа ластануында техникалық тексерістердің қандай қатысы бар?
Былтыр Almaty Air Initiative ұйымы зерттеу жүргізіп, сегіз техникалық жөндеу орталығын тексерген. Кейбір орталықтарда көліктің ауаға зиянды бөлшек бөлу тексерісі бірнеше минут қана жалғасқан және олар ешқандай нақты өлшеулерсіз, бақылау немесе құрал-жабдықсыз болған. Кейінгі уақытқа дейін Қазақстанда техникалық байқаудан өткенін растайтын құжатты тіпті WhatsApp арқылы онлайн алуға болатын. Тек енді ғана мемлекеттік органдар бұл процесті қатаңдатуға кірісті.
Өткен жылдың аяғында ақыры ТЖО ашуға рұқсат беретін лицензия ережелерін қатаңдататын түзетулер қарастырылады. Бұл станцияларда қызмет көрсету сапасын арттырып, техникалық байқаудан өту талаптарын күшейтуге тиіс. Әрине, бұл бірден бола қоймайды, бірақ шамамен бір жылдан кейін жағдай реттеле бастайды деп ойлаймын. Техникалық байқауды таза ауаға жету жолындағы негізгі тетікке айналдыру маңызды. Адамдарға катализатор орнатудың маңыздылығын түсіндіріп, көлікті экологияландыру үрдісін қалыптастыру қажет, – дейді Жұлдыз Саулебекова.
Төмен шығарындылы аймақтар
Катализаторлардан бөлек ауа сапасының тазалығы үшін батыс елдерінде біртіндеп “төмен шығарындылы аймақтар” енгізіле бастады. Бұл – экологиялық стандарттары төмен көліктердің қала ішіндегі белгілі бір аумақтарға кіруіне толық немесе ішінара тыйым салынатын жүйе.
Қазір бізде де төмен шығарындылы аймақтарды енгізу туралы көп айтылып жүр. Бұл Еуропа елдерінде кең таралған тәжірибе. Бірақ адамдар жиі мысалға келтіретін Лондонда мұндай жүйе бірден емес, кезең-кезеңмен енгізілгенін ұмытып жатады. Алдымен, олар ескі катализаторлары бар көліктердің санын азайтты. Содан соң, қала орталығына көлікпен кіру үшін (әсіресе, қарбалас уақытта) ақы алу жүйесін енгізді. Тек бірнеше жылдан кейін ғана, жүйені толық сынақтан өткізген соң төмен шығарындылы аймақтар пайда болды, – дейді Almaty Air Initiative өкілдері.
Мамандар айтуынша, қоғамдық көлікті жақсарту – төмен шығарындылы аймақтарды енгізудің міндетті кезеңі. Биылғы 13 ақпанда Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев биыл қаланың атмосфералық ауасын қорғау ережелері енгізілетінін және 2026 жылдың соңына қарай қалада толығымен экологиялық таза қоғамдық көлік болатынын айтқан еді.
Сондай-ақ қаладағы ауа сапасының ластануына – кәуәп орталықтырының тигізетін зиянды үлесі бар. Экс-әкім онымен күресу ережелерін де бекітуіге уәде берген еді.
“Ауруға шалдықпас үшін ауа лас күндері спортпен айналысу қажет емес”
Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының президенті Дамиля Нұғманованың айтуынша, ауасы лас қалада тұру – өкпенің созылмалы обструктивті ауруына әкеп соқтыруы мүмкін.
ӨСОА-ға шалдықпас үшін трасса жанында жүгіруге, велосипед айдауға болмайды. Адам пайдаланылған газ жұтып жүреді. Ауа лас күндері де спортпен айналысу қажет емес. Қыста Алматыда ауа сапасының нашарлығына байланысты терезе ашпаған жөн және далада респираторлы маскамен жүрген абзал, – дейді Дамиля Нұғманова.
Almaty Air Initiative ұйымының дерегінше, Алматының әр ауданында тұратын жалпы 1000 тұрғыннан сауалнама жүргізгенде әр үшінші адам түрлі өкпе ауруымен ауыратынын жеткізген.
Лас ауаның өлім-жітімге әсері
ДДСҰ деректері бойынша, 2019 жылы лас ауа бүкіл әлемде 4,2 миллион адамды мезгілсіз өлімге душар еткен. Бұл ауадағы ұсақ қатты бөлшектердің (PM) жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі аурулары мен қатерлі ісіктерді тудыруымен байланысты.
Аталған жылы ауа ластануымен байланысты өлімдердің:
- 68%-ы – ишемиялық жүрек ауруы мен инсульттен,
- 14%-ы – өкпенің созылмалы обструктивті ауруынан,
- 14%-ы – төменгі тыныс жолдарының жіті инфекцияларынан,
- 4%-ы – өкпе қатерлі ісігінен болған.
ЖЭО-ті газға қашан ауыстырады?
Қазіргі таңда Алматыда үш жылу электр орталығы жұмыс істейді. Олардың екеуі отын ретінде көмір пайдаланады, біреуі жақында ғана газға ауысты. “Самұрық-Энерго” компаниясына тиесілі осы үш ЖЭО-тің қалған екеуі де жақын арада газға көшеді. Энергетика министрі Алматыдағы ЖЭО-2 2026 жылға дейін толық газға ауыстырылатынын айтқан еді. Бұл станциядан шығатын зиянды заттардың көлемін 13 есе азайтуға мүмкіндік береді. Жобаның құны 388 миллиард теңге деп бағаланды.
Ауаның сапасын қайдан бақылауға болады?
Елдегі ауа сапасына қатысты мәселелердің шешілмеуінің бір себебі – көпшілік адамның ауаның ластану деңгейін толық түсінбеуі. Мәселен, мамандар жүргізген сауалнамаға сәйкес, Алматы тұрғындарының 70%-дан астамы ауаның ластануын қайдан бақылауға болатынын білмейді.
Алайда, қаладағы жеке аудандардағы ауа ластану деңгейін бақылайтын жақсы карталар бар. Қазіргі уақытта қала бойынша шамамен 50 арнайы құрылғы орнатылған, олар ауа сапасы жайлы мәліметтерді жинап, анализ жасайды. Болашақта олардың санын көбейту жоспарланып отыр. Ауа сапасын AirVisual қосымшасы арқылы немесе олардың IQAIR платформаларынан бақылауға болады.