Алматы аспанын қою түтін қаптады

25 Тамыз 2023, 10:34
2822
Бөлісу:
Алматы аспанын қою түтін қаптады
Фото: автордан

Алматылықтар қаланың орталық бөлігінен шыққан күйік иісіне шағымданып жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қою түтін Алмалы, Бостандық және Әуезов аудандарында байқалған. Тұрғындар ауаның ластануын камераға түсіріп, әлеуметтік желілерде жарыса жазуда. 

 Қаланың ауа райы онсыз да нашар. Дегенмен бүгін түтіннің исі қатты сезіліп жатыр. Тіпті суретке де түсіріп алдық. Демалу мүмкін емес, жауаптылар бір шара қолданса, – дейді қала тұрғыны. 

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Жетісу ауданында қойма өртеніп, өрт оқшауланған. 

Оқиға орнына келген ЖЭК қызметтері нысанды қуатсыздандырды. Өрт сөндірушілер қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып жұмыс істеді. Өрт сағат 02:21-де (келген сәттен бастап 37 минут) оқшауланып, 04:40-та жойылды. Өртке 60 адам және 16 бірлік техника жұмылдырылды, – дейді Алматы ТЖД.

Жергілікті жерде екі өрт сөндіру пункті құрылды, көрші қоймаларды сөндіру, қорғау және салқындату үшін қол және лафет бөшкелері енгізілген.
ТЖД мәліметтері бойынша, қалада қатты түтіннің исі бар. Осыған байланысты қала тұрғындарына бетперде тағуды ұсынды.

 Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! Түнде сөндірілген жоғары жанғыш қоймадағы өрттің салдарынан ауада түтін бар. Мұны өрттің қалдық құбылыстары деп қабылдаңыздар. Адам өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Осыған байланысты сабырлы болуды, бетперде тағуды сұраймыз. Тыныс алу органдарының аурулары бар адамдарға және қарттарға, әсіресе, өрт болған жерге жақын тұратын тұрғындарға, үйден шықпауға кеңес беріледі, – деді Алматы ТЖД.

Өзгелердің жаңалығы