Алматы, BAQ.KZ. «Алматы қаласының Шаруашылық басқармасы» ЖШС-да жүргізуші болып жұмыс істеген азамат адам өлтіргені үшін айыпталуда.
Жүргізуші қолынан қаза тапқан адамның әйелі Ажар Әбдірешева әлеуметтік желіде бейне үндеу жасап, Сағынтаевтан тергеу ісінің әділ жүргізуін талап етті.
Бүгін күйеуімнің адам қолынан өлгеніне жеті күн болды. Қазіргі уақытта қала әкімдігі жұмысшысының бұл іске қатысы бары туралы ешқандай түсінік берген жоқ. Күйеуімді өлтірген Үметалиев С.К есімді азаматтың өткен күнмен жұмыстан шығарылғанын естіп жатырмын. Олар өз жұмысшысының адам өлтіргенін жасырып бағуда,-делінген бейне үндеуде.
Көп ұзамай Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев facebook-тегі парақшасына бұл істі өз бақылауына алғанын хабарлады.
Алматылық Ажар Әбдірешеваның өтінішімен оның жұбайын өлтіру дерегі бойынша істі жеке бақылауыма алдым. Күдікті қамауға алынды. Қалалық Полиция департаментінің басшысы Қ. Таймерденовке тергеудің жан-жақтылығы мен объективтілігін қамтамасыз етуді тапсырдым. Марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтамын,-деп жазды әкім.
«Алматы қаласы Шаруашылық басқармасы» ЖШС директоры Қ. Баяманов адам өлтірген азаматтың өз мекемелерінде жүргізуші болып жұмыс істегенін мәлімдеді.
А.Әбдірешеваның жұбайын өлтіргені туралы арыз-шағымы бойынша күдікті У. есімді азаматтың «Алматы қаласының Шаруашылық басқармасы» ЖШС-да жүргізуші болып жұмыс істейтінін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта ол штатта тіркелген. Жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттеріне байланысты жұмыста жоқ,-деді ол.