Алматы әкімдігі Қостанай облысында зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинағын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жиынның бас штабы Байтұрсынов көшесі, 22 к1 мекен-жайы бойынша DEPO EVOLUTIONS PARK болып белгіленді. Азық-түлік, ұзақ мерзімді сақтау өнімдері, дәрі-дәрмектер, гигиена құралдары, киім және төсек-орын жабдықтары жиналады.
Қаражат пен қажетті азық-түлік, киім-кешек пен құрылыс материалдарын жинауға кәсіпкерлер, аудандық әкімдіктер қосылды. Бүгін Қостанай облысына гуманитарлық көмекпен төрт жүк көлігі аттанады. Біз негізгі азық-түлік - су, қант, май, жарма, печенье, кептірілген жемістер және т.б., сондай-ақ ересектер мен балаларға арналған киім, мектеп керек-жарақтары, аяқ киімдер жинадық, - деп түсіндірді жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.
Көмек көрсетуге, волонтер болуға немесе азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмектескісі келетіндердің барлығына ұйымдастырушылар 87074387733 телефоны бойынша - Алматы қаласының волонтерлер фронт-офисінің басшысы Нұрсұлтан Болатұлына қоңырау шалуды сұрайды.
Сонымен қатар, алматылық еріктілер қалпына келтіру жұмыстарына қатысады, сондай-ақ Қостанай облысында жүк жинау үшін арнайы қоймалар ұйымдастырады және халыққа көмек тарату жұмыстарын жүргізетін болады.