Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ІІМ Есболатов атындағы Алматы академиясында «Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Республикасы Президентінің таңдамалы еңбектері» атты кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлады акдемияның баспасөз қызметі.
Академия бастығының орынбасары полиция полковнигі С.М.Кененбаев тұсаукесер қонақтарына басылымның жауапты редакторы, Қазақстан-Неміс университеті Халықаралық және аймақтық ынтымақтастық ғылыми-зерттеу институтының (ИМИРС) директоры, профессор, саясаткер және мемлекет қайраткері Болат Сұлтановты таныстырды.
Болат Кылышбайұлы Академия ұжымына арнаған құттықтау сөзінде қиын-қыстау қаңтар күндерінде Президентке қолдау көрсеткендері үшін полиция қызметкерлеріне шексіз алғысын білдірді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Республикасы Президентінің таңдамалы еңбектері» кітабында елімізде болып жатқан игілікке бағытталған өзгерістер, Мемлекет басшысы қолға алып жатқан басымдықтар мен нәтижелі қадамдар, жаңа Қазақстанды құру бағытындағы реформалар стратегиясы туралы нақты айтылған.
CNPC International Kazakhstan LTD қолдауымен Қазақстан-Неміс университетінің Халықаралық және аймақтық ынтымақтастық ғылыми-зерттеу институты (ИМИРС) басып шығарған жинаққа Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың 2019 жылдың 20 наурызы мен 2021 жылдың 30 сәуірі аралығында жарияланған еңбектері топтастырылған.
Мемлекет басшысының кітаптағы 68 еңбегінің ішінде Президент Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған екі Жолдауы, үш мақаласы мен 63 баяндамасы, сондай-ақ еліміздің ішкі және сыртқы саясатын және елді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту туралы үндеулері мен мәлімдемелері бар.
Аталған кітаптың жарыққа шығуы ғылыми ортаның – тарихшылар мен саясаттанушылардың, сарапшылардың және ұлттық тарих, халықаралық қатынастар, еліміздің сыртқы және ішкі саясаты мәселелерімен айналысатындардың қызығушылығын тудыруда.