Қазақстанның соңғы жаңалықтары

“Алматы-1 вокзалын жөндеу тым созылып кетті”: Қала әкімі сынға қалды

Нұрқанат Атажан
11 Қараша 2025, 12:37
369
Бөлісу:
 threads.com/@bgd_010
Фото: threads.com/@bgd_010

Премьер-министр Олжас Бектенов елде тозығы жеткен теміржол вокзалдарын жөндеу жұмыстарын дер кезінде бітіре алмай жатқан облыстарды сынады. Олардың арасында Қайрат Сатыбалды басқаратын Алматы қаласының әкімдігі де бар. Өйткені Алматы-1 вокзалындағы құрылыс бар болғаны 5%-ға ғана орындалған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстандағы теміржол вокзалдарының 70%-ының тозығы жеткен. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, 121 вокзалда құрылыс жүріп жатыр.

Вокзалдардың шамамен 70%-ы 30 жылдан астам уақыттан бері жөнделмеген. Техникалық тексерулер кезінде кейбір тіреуіш бағандары мен конструкцияларды әрі қарай пайдалануға болмайтын ақаулар анықталған. Соған байланысты 42 нысан толықтай бұзылды, – дейді министрдің орынбасары.

Алматы-1 вокзалын жөндеу бар болғаны 5%-ға ғана орындалғаны анықталды.

Жиналыс соңында Бектенов жұмысты дұрыс атқара алмай отырған әкімдіктерді сынады. Оның пікірінде, “әкімдіктердің кейбірі құрылыс барысын бақылауды босаңсытып алған”.

Ақмола, Жетісу, Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыстарында мерзімдердің бұзылу қаупі жоғары. Маңғыстау облысында бір вокзалдағы жұмыс кестеден кешігіп жатыр. Алматы қаласында “Алматы-1” вокзалын жаңғырту жұмыстары тым созылып кетті. Мұны әкімдіктердің жұмысындағы олқылық деп санаймын, – деді премьер-министр.

Олжас Бектенов өңір басшыларынан құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды талап етті.

Еске салайық, бұған дейін Алматы-1 теміржол вокзалының жағдайы жолаушыны шошытқанын жазған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы