Қырғызстанның Бішкек қаласында өтіп жатқан құрлық біріншілігінде 72 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Алматбек Аманбек алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ол финалда ирандық Мұхаммад Джавад Резаимен белдесіп, қарсыласын мерзімінен бұрын (туше) жеңді.
Сондай-ақ қазақстандық балуандар қоржыны қола жүлделермен толықты. 97 келіге дейінгі салмақта Ислам Евлоев Оңтүстік Корея өкілі Минхо Лиді мерзімінен бұрын жеңіп, үшінші орынға ие болды. Ал 82 келіге дейінгі салмақта Ибрагим Магомадов қытайлық Руи Люді 5:3 есебімен ұтып, қола медаль еншіледі. Бұған қоса, Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келіге дейін) та қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, 60 келіге дейінгі салмақта Ербол Камалиев қола медаль үшін өткен белдесуде жеңіліп қалды.