Көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбе облысында бірқатар кәсіпкерлік нысандарын су басты. Қазір оларды жан-жақты қолдау шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ өңірде бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы өсіп жатыр. Ішкі туризм саласының жағдайы да мәз емес. Біз осы және өзге де мәселелер төңірегінде Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевпен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
— Биыл өңірімізде болған су тасқыны салдарынан Ақтөбе қаласы және алты ауданда төтенше жағдай жарияланып, көптеген кәсіпкерлер мен шаруалар зиян шекті. Осы тұрғыда қазір кәсіпкерлерге қандай қолдау шаралары жүргізілуде? Өңір кәсіпкерлеріне өтемақылар төленді ме?
Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылғы су тасқынының салдарынан шағын және орта бизнес субъектілеріне көмек көрсету алгоритмін жариялап, бұйрық шығарды.
Бұйрық сәуір айынан бастап жүзеге асырылып жатыр. Онда төтенше жағдай жариялансын-жарияланбасын, бұзылған мүліктерге шығынды өтеуге рұқсат берілген. Дегенмен мүліктер табиғи апат, яғни, су тасқыны салдарынан зардап шегуі керек. Ал үйлердің жертөлесіне су кірсе, басқа да жағдайлар болса, онда мұндай жағдайда бүлінген мүліктерге өтемақы төленбейді.
Біздің облыста биылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің мүліктік шығындарын өтеу бойынша Ақтөбе облысы әкімдігінің 26 сәуіріндегі №112 «Ақтөбе облысында 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынның өтемақысын айқындау жөніндегі өңірлік комиссия құру туралы» қаулы қабылданып, облыс кәсіпкерлігін дамыту мәселелеріне жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары төрағалық ететін өңірлік комиссия құрылды.
Сондай-ақ Ақтөбе қаласына қарасты Астана және Алматы аудандарында мүлік иесін зардап шеккен деп тану және шығындарды алдын ала бағалау үшін аудандық комиссия құрылып, түскен өтінімдер бойынша кәсіпкерлерге өтемақы тәртібі туралы түсіндіріліп, зардап шеккендігі жөнінде қорытынды беру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда кәсіпкерлер өңірлік комиссияға құжаттарын өткізу үшін қағидаға сәйкес құжаттар тізілімін жасақтау үстінде.
Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша шағын және орта бизнес саласында барлығы 76 кәсіпкерлік субъектісі зардап шегіп отыр. Алайда су тасқыны салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлер жөніндегі өңірлік комиссияның қарауына өтініштер түскен жоқ. Ал «е-Өтініш» ақпарат жүйесі арқылы бүгінде бізге бір кәсіпкерден өтініш келіп түсті. Оған бес күн ішінде жауап берілетін болады.
Жалпы, кәсіпкерлік саласында зардап шеккен кәсіпкерлерге үш түрлі төлем төленеді: біріншісі — бағалауға жұмсаған қаржысын төлеу, екіншісі — бағалау актісінің негізінде кәсіпкердің құрылыс жұмыстарына кеткен қаржысын төлеу, үшіншісі — тауарлы-материалдық бағалау.
Мәселен, бір кәсіпкердің мүлкі мен жиһазы суға кетсе, енді бірінің кәсіпкерлік нысанының қабырғасы құлап, газ құбыры істен шығуы мүмкін. Демек, бұл жерде кеткен шығындарды облыстық мемлекеттік кірістер департаменті есептейді. Бұл мекеменің бекітілген арнайы ережесі бар. Соған сәйкес кәсіпкерлердің суға кеткен құрылыстары мен мүліктерінің шығыны төленеді. Кәсіпкерлердің кеденнен кіргізілген мүліктері, тауарлары, тапқан табысы мен салығы тексеріледі.
Бұл жерде айта кету керек, кейбір кәсіпкерлік нысандарын су басқан азаматтар үш түрлі төлемнің екеуіне ғана құжат тапсырса, ал тауарлы-материалдық бағалау бойынша шығынын өтеуге аса құлық танытпай отыр. Себебі олардың атында бірнеше нысан тіркелген немесе бір нысанға қарасты бөліктерді бірнеше адамға жазып берген.
Бұл жерде салықтан қашу үшін бір нысанның бірнеше ғимаратында әр түрлі адамға жалға беру деректері де кездеседі. Міне, осы себепті кейбір кәсіпкерлер тауарлы-материалдық шығындарды өтеу бойынша құжат тапсыруға мүдделі емес.
Сондықтан бұл жерде көп нәрсе кәсіпкерлердің өздеріне байланысты. Бір жағынан, мұндай жағдайда бұрын салықтан жалтарып, енді су тасқыны кезінде мемлекеттен қолдау ала алмай отырған азаматтардың да бар екендігін айта кету керек.
Қазіргі таңда облыста зардап шеккен кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан мынадай қолдау шаралары көзделген. Атап айтсақ, 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын салық есептілігін тапсыру мерзімін ауыстыру, төлеу мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын барлық салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша төлеуді кейінге қалдыру, 2024 жылғы 1 наурыздан 1 шілдеге дейінгі кезеңге өсімпұл есептемеу, несиелер бойынша төлемдер үш айға, яғни 1 сәуірден 30 маусымға дейін кәсіпкерлер берген өтініштер негізінде несиелер кейінге қалдырылады. Бұдан бөлек, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру шаралары қарастырылып жатыр.
Жалпы, Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 76 кәсіпкерге шамамен 1 миллиард 476 миллион теңге шығын өтеледі деп жоспарлануда. Алайда бұл шығындар алдағы уақытта кәсіпкерлердің тапсырған құжаттарына сәйкес төленеді. Мұның ішінде 46 кәсіпкерлік нысаны Ақтөбе қаласында орналасса, қалғаны — аудандардағы субъектілер.
— Өңірде азық-түлік пен тұрмыстық заттардың бағасы қымбаттап барады. Бұл тұрғыда қарапайым тұрғындар көп шағымданады. Бағаға қатысты мониторинг жұмыстары жүргізіле ме?
Облыстық жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қадағалау және олардың өсуіне жол бермеу мақсатында жыл сайын кешенді шаралар қабылдайды. Бұл тұрғыда облыста екі тетік іске асырылуда. Оның бірі айналым схемасы болса, екіншісі — тұрақтандыру қоры арқылы халықты азық-түлікпен қамту.
Биыл облыстық бюджеттен тұрақтандыру қорына картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, күнбағыс майы, түйіршіктелген қант, қарақұмық жармасын сатып алу үшін 3,0 миллиард теңге, ал айналым схемасы бойынша қарыз беру үшін 3,9 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда облыста картоп пен пияздың бағасы өсіп тұр. Оған басты себеп — тұрақтандыру қорындағы көкөністердің сапасы мен қордың жеткіліксіздігі.
Біздің облысымызға қазір еліміздің оңтүстік өңірінен келіп жатқан өнімдердің бағасы жергілікті қордағы бағадан әлдеқайда қымбат. Халық биылғы өнімді тұтынғысы келген соң сол жақтан келген тауарларды сатып алады. Ал қордағы өнімдердің бағасы әлдеқайда арзан, дегенмен көкөністер бастапқы қасиеттерін жоғалтқан, яғни сапасы күздегідей емес.
— Жаз айларында қаламызда жеміс-жидек, көкөністің түрі көбейеді. Шетелден әкелген өнімдердің сапасы да, бағасы да қадағалауды қажет етеді. Бұрынғыдай емес, қазір жеміс-жидектің сапасы төмен, бірақ бағасы шарықтап тұр. Басқарма мамандары осы тұрғыда қандай жұмыстар атқарып жатыр? Сіздердің құзіреттіліктеріңізге коммуналдық базарлар мен сауда желілерін тексеру кіре ме?
Облыстық кәсіпкерлік басқармасы Ақтөбе қаласының ірі сауда желілері мен базарларында бағаларды тежеуге және жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған меморандум шарттарының орындалуын сақтай отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің бағасына күнделікті мониторинг жүргізеді.
Мониторингтік топтар тек Ақтөбе қаласында ғана емес, облыстың барлық аудандарында құрылған. Комиссия құрамына атқарушы органдардың, бәсекелестікті қорғау және дамыту, Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаменттердің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары кіреді.
Сауда желілері мен базарларда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінің бағасы өскені тіркелген жағдайда Ақтөбе облысы бойынша бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментіне және Ақтөбе облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі сауда департаментіне бағаның көтерілуінің негізділігін тексеруге хат жолданады.
Мониторингтік топтардан басқа, Ақтөбе облысы бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді. Онда сауда үстемесін 15 пайыздан асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің материалдары қаралады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 204-бабының 4-бөлігіне сәйкес сауда үстемесін 15 пайыздан асырғаны үшін бірінші рет ескерту көзделсе, жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10 айлық есептік көрсеткіш (36 920 теңге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 70 айлық есептік көрсеткіш (258 440 теңге), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіш (1 107 600 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Мысал келтіре кетсек, биыл жыл басынан бастап Ақтөбе облысы бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеудің бүкіл тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссия 22 отырыс өткізіп, нәтижесінде 45 бұзушылық фактісін анықтады.
Бүгінде өңірде сауда үстемесінің 15 пайыздан асуына жол бермеу мақсатында аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдіктері өндірушілермен, сауда желілерімен және бизнес субъектілерімен өзара тиімді ынтымақтастық және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түріне 15 пайыз сауда үстемесін сақтау туралы 600-ден астам меморандумға қол қойды.
Сауда желілері мен базарларда сауда үстемесінің асып кетуі анықталған жағдайда, сондай-ақ сатып алушылардан шағымдар түскен жағдайда материалдар өңірлік комиссияда қаралады және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Ақтөбе облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жіберіледі.
Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының полиция департаменті стихиялық жерлерде жаңа піскен жемістер мен көкөністерді сатып жатқан кәсіпкерлерді қадағалауға жауапты. Осы өнімді сатушылардың қолында тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін куәландыратын ілеспе құжаттар болуы тиіс, яғни кеден одағына сәйкестік туралы декларация (егер импорт болса) немесе нитраттардың қалдық құрамына зертханалық зерттеулер жүргізу туралы анықтама болуы шарт.
Егер тұтынушылар уланған жағдайда медициналық мекеме сатып алушының емдеу орнынан Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл түрде хабарлама жіберуі керек.
— 17 мамырдан бастап елімізде жанар-жағармай бағасы өзгерді. Шетел азаматтарына берілетін жанармайдың шекті бағасы белгіленді. Осы орайда айтып кетсеңіз, сіздердің қолдарыңызда шетел азаматтарының немесе көліктердің саны туралы нақты ақпараттар бар ма? Осы мәселеге қатысты талдаулар жасалып жатыр ма?
Бүгінде Ақтөбе облысында 218 мың автокөлік тіркелген. Оның ішінде газбен жүретіні — 56 мың автокөлік. Жобамен айтқанда, облыстың үстімен 25 мың көлік транзитпен өтеді. Қазіргі таңда жергілікті азаматтарға газ бен бензиннің бағасы өзгерген жоқ. Қазақстан азаматтары үшін АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бұрынғы бағада, атап айтсақ, бір литрі 205 теңгеден сатылып жатыр. Ал сырттан келген азаматтарға бір литрі 405 теңгеден сатылуда. Мұндағы мақсат — жанар-жағармай қорын сақтау, газ бен бензинді басқа шетелдерге шығармау. Сол сияқты бұл облыстағы газ қорын азайтпауға да оң ықпал етеді. Себебі жаз айларында өңірімізде газ жетіспеушілігі болуы мүмкін.
Бұл орайда биыл мамыр айында Энергетика министрлігі жаңа бұйрығын жариялады. Бұйрыққа сәйкес, жанармай құю бекеттерінде бензин мен дизель отынын бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы бекітілді. Атап айтсақ, АИ-80 маркалы бензиннің бір литрі — 89 теңгеден, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің бір литрі — 245 теңгеден, жазғы және маусымаралық дизель отынының бір литрі 315 теңгеден сатылуда.
— Сіз бұған дейін Мәртөк ауданын басқардыңыз. Ауылдың жағдайын жақсы білесіз. Бүгінде ауыл кәсіпкерлеріне қандай қолдау керек? Оларға не жетіспейді? «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының кәсіпкер атануына қаншалықты үлес қосып жатыр?
Өздеріңізге белгілі, Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасы 2022 жылы қолға алынды. Жүргізілген талдаулар мен қабылданған іс-шаралар нәтижесінде несиелендірудің бағыттары анықталып, бүгінде азаматтар құс шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, қайта өңдеу және шағын бизнес ашу бағыттары бойынша кәсіптерін бастап жатыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында жалпы құны 6,8 миллиард теңге болатын 1511 жобаға несие берілген. Несиелеу нәтижелеріне келетін болсақ, құс шаруашылығы бойынша өңірде 538 жоба іске асырылып, 219 мың бас құс сатып алынған, олардан 676,4 тонна ет, 482 мың дана жұмыртқа өндірілген.
Өсімдік шаруашылығы бойынша 237 жоба жүзеге асырылып, шаруашылықтар 73,9 гектар жерден 1404 тонна картоп, 135,9 гектар жерден 2370 тонна көкөніс өнімдерін алған. Жалпы ауданы 12 мың шаршы метрге 93 жылыжай салынған. Қайта өңдеу саласында 304 жоба іске асты, оның ішінде 132-сі — сүт өңдеу, 65-і — ет өңдеу,107-сі — наубайхана және кондитер өнімдері. Шағын бизнес бағытында 432 жоба іске асырылған.
Атап айтсақ, 53 тігін, 81 монша, 64 көлік жөндеу орталығы, 7 балық шаруашылығы нысаны және ауылға қажетті 227 бизнестің өзге де түрлері өз жұмысын бастаған. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 1210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1062 жаңа кәсіпкер, 32 атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы тіркелген. Міне, бұл өткен жылғы — «Ауыл аманаты» жобасының нәтижесі. Ал биыл
сәуірдегі жағдай бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында құны 3,8 миллиард теңгеге 598 жобаның құжаттары мақұлданып, 2,6 миллиард теңгеге 408 жобаға несие берілді. Несиелеу барысында Ақтөбе облысы бұған дейін басымдылықты құс, өсімдік, қайта өңдеу және шағын бизнесті жүзеге асыруға бағыттаса, қазіргі таңда қосымша мал шаруашылығы бағытын қаржыландыруға бет бұрып жатыр. Бұл өңірдегі малдың санын көбейтуге, ет, сүт бағытында жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге оң ықпалын тигізеді.
Айта кеткім келеді, биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша мал шаруашылығы бойынша 1462,9 миллион теңгеге 222 жоба, құс шаруашылығында — 117,2 млиллион теңгеге 22 жоба, өсімдік шаруашылығында – 112,9 миллион теңгеге 8 жоба, шағын бизнестің өзге түрлері бойынша 936,6 миллион теңгеге 156 жоба жүзеге асырылмақ.
Сонымен қатар 9,2 миллиард теңгеге аудан әкімдіктері тарапынан 1725 жобаны жүзеге асыру бойынша жоспар әзірленді. Оның ішінде Алға ауданы – 0,8 миллиард теңгеге 156 жоба, Әйтеке би ауданы – 0,5 миллиард теңгеге 95 жоба, Байғанин ауданы – 0,8 миллиард теңгеге 108 жоба, Қарғалы ауданы – 1,6 миллиард теңгеге 292 жоба, Қобда ауданы – 0,5 миллиард теңгеге 105 жоба, Мәртөк ауданы – 1,5 миллиард теңгеге 287 жоба, Мұғалжар ауданы – 0,8 миллиард теңгеге 160 жоба, Ойыл ауданы — 0,5 миллиар теңгеге 99 жоба, Темір ауданы — 0,4 миллиард теңгеге 85 жоба, Хромтау ауданы — 0,7 миллиард теңгеге 132 жоба, Шалқар ауданы — 0,8 миллиард теңгеге 154 жоба, Ырғыз ауданы — 0,3 миллиард теңгеге 52 жоба ұсынды. Нәтижесінде 2 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, аудандарда 1471 жаңа кәсіпкер тіркеледі.
— Ақтөбе облысында туризм саласы дамымай келеді. Бұл бағытта биыл қандай жобалар жүзеге асырылады? Қашан туристік маршруттар ұйымдастырылып, сервистердің сапасы көтеріледі? Қандай проблемалар бар?
Қазіргі таңда Ақтөбе облысы бойынша 18 туристік маршрут бар. Оның ішінде эко-агротуризм, мәдени-тарихи, киелі, емдеу-сауықтыру, ойын-сауық және тағы басқа туризмнің түрлері қамтылған. Нақтырақ айтсақ, экологиялық туризмге (агротуризм) жататын Қарғалы су қоймасы, «Қасқыр» сарқырамасы, «Үнсіз» ауыл (Қарғалы ауданы), «Аққұм» құмдары, «Ақтолағай» бор таулары (Байғанин ауданы), «Барқын» құмдары (Ойыл ауданы), «Аққайың» орманы (Мәртөк ауданы) болса, мәдени-танымдық, киелі жерлерге, өңірдің тарихи және мәдени мұраларына жататын, Қазақстанның киелі картасына енген «Қобыланды батыр» мемориалдық кешені, «Абат Байтақ» кесенесі, «Исатай батыр» кесенесі (Қобда ауданы), «Есет батыр» мемориалдық кешені (Алға ауданы) бар.
Жергілікті халық пен қонақтар арасында ең танымал бағыттарының бірі болып есептелетін бұл – Қарғалы ауданы (Қасқыр сарқырамасы, Қарғалы су қоймасы, Мылқау ауыл), Байғанин ауданы (Аққұм құмдары, Ақтолағай бор таулары), Мәртөк ауданы (Аққайың орманы, «Зәру» шипажайы).
Ресми статистикаға сәйкес былтыр облысымызға 186 мың адам келсе, оның ішінде ішкі туристердің саны – 162 мың, келуші туристер саны 24 мың адамға жетті. Туристердің көбісі ТМД елдерінен, атап айтсақ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, ал жақын шетелден – Түркия мен Қытайдан келген. Биыл аймақта туризмді дамыту мақсатында балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту аясында «жанды» сабақтар ұйымдастыру, облыстағы «visit Aktobe» туристік ақпараттық орталығымен бірлесіп, Ақтөбе қаласы мен облыс аудандары бойынша өңір қонақтары үшін тегін турлар ұйымдастыру көзделуде.
Ең негізгісі, Мемлекет басшысы жариялаған «Қытайдағы қазақстандық туризм жылы» аясында жергілікті туристік бизнес өкілдерін тарта отырып, туристік көрме өткізуді жоспарлап отырмыз.
Бүгінде Ақтөбе өңірінде туризм саласын дамытуда қолбайлау болып отырған мәселенің бірі — инфрақұрылым проблемасы. Қазір аудандардағы туристік орындардың көбінде инфрақұрылым жоқ, яғни, су, жарық, газ тартылмаған, жолдарға асфальт төселмеген.
Негізі, еліміздегі туристердің көбі өзге өңірлерге демалу үшін емес, контент түсіру үшін барады. Бұл орайда жарық пен интернеттің «жөні» бөлек. Бұл екеуі болмаса туристерге ештеңе қызық емес. Сондықтан алдағы уақытта осы мәселелерді шешуде жұмыс істеуіміз керек.
Біз осыған дейін Қытай еліне барып, ол жақтың туризм саласын зерттеп келдік. Бұл бағытта қазір біз облыстағы «Зәру» шипажайымен, «Көкжайлау» демалыс базасымен, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы ірі қонақ үйлермен бірлесіп, қытайлықтармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз көшпенділердің өмір салтын насихаттау барысында облыс көлемінде туристік іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Бір түсінгеніміз, Мәртөк ауданындағы «Зәру» шипажайының жұмысын қытайлықтар ерекше бағалады. Бұл шипажайда маралдың сүйектенбеген жас мүйізінен панты алып, ем жүргізіледі, егер туристер келсе, бұл да өңірдің туризмін дамытуға ықпал етер еді.
Тағы бір айта кететін жайт, қазіргі таңда облысымызда Байғанин ауданында Ақтолағай, Қарғалы ауданында Қасқыр сарқырамасы, Қарғалы су қоймасы танымалдылыққа ие.
Мәселен, биыл Қарғалы су қоймасында туристердің демалып, тынығуына жағдай жасау мақсатында жергілікті кәсіпкер демалыс үйлерін тұрғызып жатыр. Әзірге қойма маңынан екі үй салынды. Қазір бұл бағыттағы жұмыстарды дамытуға инфрақұрылым қолбайлау болып тұр. Жалпы бұл ауданда жазда да, қыста да туризмді дамытуға мүмкіндік мол.
Бұдан бөлек, турзмді дамытудағы тағы бір мәселе — кадр тапшылығы. Бүгінде облысқа келетін шетелдіктерге туристік орындарды таныстыратын аудармашылар жоқ.
Сондай-ақ Ақтөбе қаласында жұрт білетін 20-ға жуық қонақ үй болса, оның көбі шағын. Олардың ішінде танымалдылыққа ие «Амстердам» мен «Ibis» қонақ үйі. Ал «Sheraton» қонақ үйінің құрылысы әлі жүріп жатыр. Биыл бұл нысанның құрылысы аяқталса, туристерді шақыруға мүмкіндік болады.
Бір олқылық сол, біздің облыста туризм саласын дамытуда танымалдылық пен жарнама жетіспейді. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігі туристер санын көбейту, оларға жағдай жасау мәселесімен айналыспайды. Себебі оларда бұл сала әлдеқашан дамып кеткен. Ал бізде керісінше, әлі күнге дейін қонақ үй желісі жоқ, туристік орындар аудандарда орналасқан, оларға маршруттар ұйымдастыру үшін қыруар қаржы керек. Міне, осы мәселелердің барлығы бүгінде өңірде туризм саласын дамытуға мүмкіндік бермей отыр.
— Жыл сайын Президент өз Жолдауында кәсіпкерлікті дамытуға қатысты нақты ұстанымдар айтып келеді. Биылғы Жолдауда да шағын және орта бизнесті қолдауға көп көңіл бөлінді. Президент тапсырмасын орындауда қандай жұмыстар жүргізілуде? Облыста қанша шағын және орта бизнес субьектісі бар?
Жуырда біз осы сауал бойынша талдау жұмыстарын жүрген болатынбыз. Белгілі болғандай, соңғы бес жыл ішінде өңірде кәсіпкерлік нысандарының саны артқан, көрсеткіш те жоғарылаған. Ең бастысы, Ақтөбе облысы кәсіпкерлік саласын дамыту бойынша республика бойынша ТОП-5-тің құрамында келеді. Бүгінде өңірде Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар, Хромтау, Мәртөк аудандары көш бастап тұр.
Статистикалық деректерге сүйенсек, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері соңғы бес жылда 41,8 пайызға немесе 24,7 мың нысанға көбейген. Атап айтсақ, 2019 жылы облысымызға 59,1 мың кәсіпкерлік субъектісі болса, бүгінде олардың саны — 83,8 мың.
Қазіргі таңда өңірде жалпыға бірдей декларациялауды енгізу аясында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап нөлдік есептерді тапсыратын және жұмысы тоқтатылған жұмыс істемейтін кәсіпкерлік субъектілерінің жаппай жабылуы байқалады, осылайша 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны — 82,7 мың. Оның ішінде шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары – 12 228 болса, орта кәсіпкерліктің заңды тұлғаларының саны – 126, жеке кәсіпкерлер саны — 61 287, шаруа қожалықтарының саны — 9043. Жалаы, өңірдегі кәсіпкерлердің белсенділік деңгейі 91,1 пайызға жетіп отыр.
Қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің ең көбі — сауда саласында. Атап айтсақ, 30,7 мың субъект тіркелген. Ал қызмет көрсету саласында – 13,8 мың, ауыл шаруашылығында – 9,8 мың, көлік және қоймалау саласында – 5,8 мың, өңдеу өнеркәсібінде – 4,2 мың, жылжымайтын мүлік саласында – 3,8 мың, құрылыс саласында – 3,7 мың, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында – 2,8 мың, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет көрсету саласында — 2,0 мың, тамақтану бойынша қызметтер көрсету саласында – 1,9 мың, білім беру саласында – 1,5 мың, денсаулық сақтау саласында – 0,8 мың, ақпарат және байланыс саласында — 0,7 мың, өнер, ойын-сауық және демалыс саласында – 0,5 мың, сумен жабдықтау саласында — 0,3 мың, тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында – 0,2 мың, қаржы және сақтандыру қызметі саласында – 0,1 мың, электр энергиясымен жабдықтау саласында 0,1 мың кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді.
Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 2019-2023 жылдары аралығында 26,2 мың адамға немесе 17,2 пайызға өсті. Бұл ретте статистикалық деректерге сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандардың ең көбі сауда саласында тіркелген. Бүгінде бұл салада еңбек ететіндердің саны 59 242 адамға жетіп отыр. Одан кейінгі орында — өнеркәсіп саласындағылар. Бұл салада 22 085 адам жұмыс істейді.
— Бүгінде облыста кәсіпкерлер үшін қандай бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр? Несие беру, қайтарымсыз грант пен субсидия беру мәселесінде қандай олқылықтар бар?
Биыл жыл басынан бері бірлескен бұйрық аясында облыста жалпы құны 14,7 миллиард теңгеге 415 жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде субсидиялау бойынша жалпы құны 20,7 миллиард теңгеге — 294 жоба, кепілдендіру бойынша құны 1,6 миллиард теңгеге — 110 жоба, инфрақұрылым бойынша жалпы мөлшері 484 миллион теңгеге 11 жоба жүзеге асырылмақ.
Облысымызда «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бастау алғаннан бері қолдау алған жобалар саны қарқынды өсуде. Мәселен, 2010 жылы небәрі 41 жобаға қолдау көрсетілсе, бұл көрсеткіш 2022 жылы 4549 жобаға дейін өсті. Жалпы он екі жылда қолдау алған жоба саны – 12 068.
Қолдау алған жобалар облысқа мультипликативті әсер беруде: 2010 жылдан бері жаңадан 10 698 жұмыс орны құрылып, 48 924 жұмыс орны сақталды. Оларда шығарылған өнім көлемінің жалпы құны 3,5 триллион теңгеге жетті. Ал олардан түскен салық көлемі – 200,1 миллиард теңге.
Енді қайтарымсыз грантқа тоқталсақ, өңірімізде өтеусіз және қайтарымсыз қаржыландыру ретінде гранттар бизнес үшін тиімді қолдау шарасы болып табылады, алайда бұл тәсіл бизнес тарапынан жауапкершіліктің болмауын тудырады.
Біріншіден, өтеусіз гранттар, бір қарағанда, шағын бизнеске қайырымдылық көмек ретінде қабылдануы мүмкін, олар көбінесе нарықтық жағдайларды бұрмалайды. Осы гранттарды алатын кәсіпкерлер бәсекелестерінен заңсыз артықшылыққа ие болуы мүмкін, бұл салауатты бәсекелестіктің бұрмалануына әкеледі және жалпы бизнес ортасына теріс әсер етеді. Осыған орай, 2023 жылы өтеусіз грант қаражаты бюджетке қайтарылды.
Биыл 5 миллион теңгеге дейін грант беру шарттарына жаңа өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік гранттар алуға конкурстық іріктеудің қатысушысы болып әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатысатын болды. Грант ережелеріне енгізілген өзгерістерге сәйкес қатысушылар саны азайды.
Сондай-ақ, бұдан әрі «әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі» мәртебесі жоқ және «Бір ауыл-бір өнім» бағдарламасының финалистері болып табылмайтын кәсіпкерлердің шағымдарын болдырмау үшін осы конкурсты өткізудің тиімсіздігіне байланысты және су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін шығындарды қысқарту үшін грант қаражатын бюджетке қайтару мәселесі қолға алынып жатыр.
Қазіргі таңда ақтөбелік кәсіпкерлер үшін өзекті мәселенің бірі инженерлік инфрақұрылым болып отыр. Мәселен, былтыр жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде өңірлік үйлестіру кеңесі 5,9 миллиард теңгеге 22 жобаны мақұлдады. Оның ішінде үшеуі — республикалық бюджет жобасы. Атап айтсақ, 22 жобаның ішінде 13-і — мал шаруашылығы, 4-еуі — қызмет көрсету саласы, 4-еуі — білім беру саласы және біреуі — өндіріс саласындағы жоба.
Биыл бірлескен бұйрық шеңберінде жетіспейтін инфрақұрылымды тарту бойынша 484 898 мың теңгеге 11 жоба өңірлік үйлестіру кеңесі арқылы мақұлданды. Аталған жобалардың басым бөлігі, яғни, 54,5 пайызы немесе 6 жоба мал шаруашылығы саласына тиесілі болып отыр.
Бағдарламаның талаптарына сай, кәсіпкерлер қажетті құжаттарын (бизнес-жоспар, техникалық-экономикалық негіздеме, сараптамалық қорытындысы бар жобалық сметалық-құжаттар) тапсырған кезде қарсы міндеттемелерін айқындау үшін жобаларының тиімділігі мен бюджет қаражатының қайтарымдылығын көрсетеді.
Сонымен қатар биылғы өзгерістердің бірі субсидиялау саласына қатысты болып отыр. Яғни, нарықтық жағдайларға кезең-кезеңмен көшу арқылы субсидиялау бойынша сараланған тәсіл — түпкілікті қарыз алушы үшін 7 пайыздан 10 пайызға дейінгі мөлшерлемені ұлғайту. Өңдеу, өндіріс, өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпкерлерге субсидия бастапқы 3 жылда — 8 пайызбен, 4 жылдан кейін — 9 пайызбен, ал 5 жылдан бастап 10 пайызбен берілетін болады.
Сол секілді қызмет көрсету саласындағы жобалар бойынша субсидиялау мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқарту қолға алынуда. Пайыздық мөлшерлеме 9 пайыз болатынын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, соңғы өзгерістерге сәйкес, республикалық және жергілікті бюджеттен қарастырылатын қаржы да белгілі бір салаларға бөлінетін болады. Яғни, жалпы бюджеттің 50 пайызы өңдеу, өндіріс, өңдеу өнеркәсібі саласындағыларға берілсе, ал қызмет көрсету саласындағыларға — 30 пайызы, шағын кәсіпкерлерге (20 миллион теңгеге дейін) 20 пайызы беріледі.
Жалпы, Ақтөбе облысы кәсіпкерлік саласы бойынша субсидиялау, несие берудегі көрсеткіштер, кәсіпкерлік субъектілердің саны мен белсенділігі, салық деңгейі бойынша республикада бірінші орында тұр. Алайда Ақтөбені танымал ететін бренд өніміміз өте аз.
Әрине, жергілікті «Ваниль» сауда желісінің өнімдері бүгінде бүкіл республикаға танылып үлгерді. Дегенмен жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету, құрылыс салаларында өңірімізді республикаға, шет елдерге әйгілі ететін өнімдеріміз жоқ.
Біз қазір осы бағыт бойынша жан-жақты жұмыстанып жатырмыз. Алайда Ақтөбенің брендін ойлап, шығару үшін тың идея, мол қаржы және инвестиция керек...
— Әңгімеңізге рақмет!