Алматыдан небәрі жарты сағаттық жерде орналасқан Алма-Арасан шатқалы – табиғатпен тыныстағысы келетіндер үшін таптырмас мекен. Биік шыршалар, сарқыраған тау өзені, шипалы бұлақтар мен таза ауа – бәрі бір сәтке күнделікті күйбеңнен алыстатып, табиғатпен үндестік сыйлайды.
Қазақстанға іссапармен келген Орталық Азия және Қытай журналистері ерекше шатқалды аралап, табиғатпен тілдесуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
“Орталық Азия – Қытай” саммиті аясында Қытайдың «Жэньминь жибао» газеті алты елдің журналистерінің қатысуымен медиафорум өткізді.
.jpg)
Астанада өткен медиафорумнан соң шетелдік журналистер Алматыға баспасөз турына аттанды. Мұнда БАҚ өкілдері қазақ-қытай жобаларымен танысуға мүмкіндік алды.
.jpg)
Сонымен қатар шетелдік қонақтар Алматының ерекше табиғатымен де танысты.
Қалың жасылға оранған Алма-Арасан шатқалы көктемгі асау өзеннің гүрілімен қарсы алады. Мақсат – экотуризм нысандарымен танысу, табиғи әлеуетті көріп, бірлесе ой бөлісу.
.jpg)
Алма-Арасан шатқалы – Іле Алатауының баурайында орналасқан ерекше табиғи аймақ.
Бұл жердегі шипалы ыстық бұлақтар мен минералды сулар туралы алғашқы жазбалар XIX ғасырдың соңында белгілі болған. Кеңес дәуірінде мұнда танымал Алма-Арасан шипажайы жұмыс істеп, 1931 жылдан бастап адамдар денсаулық үшін келетін орынға айналған.

Қазіргі уақытта шатқал экотуризм бағытында дамып келеді. Жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс алаңдары, воркаут аймақтар – барлығы табиғатты бұзбай, оны сақтай отырып салынған.

Суреттерден шатқал ішінен сарқырап аққан тау өзені мен оның бойын жағалай өскен шырша мен қайың ағаштарын көре аласыз. Бұл жер тек көздің жауын алып қана қоймайды, тыныс алуға да жеңіл, адамның жан дүниесін тазартатындай әсер етеді.

Қытайдан келген журналист таңданысын жасыра алмады.
.jpg)
Мұндай жабайы әрі жақсы сақталған табиғатты көру – сирек мүмкіндік. Алматыдан жарты сағат қана жерде осындай шатқал барын білмеппін. Бұл – Қазақстанның нағыз табиғи байлығы, – деді медиа өкілі.
Шатқалға көтеріліп бара жатқанда воркаут алаңын байқауға болады. Шатқал ішіндегі бұл спорттық аймақ шетелдік меймандарды таңғалдырды.
Қырғызстандық журналист бұл – тек табиғатты көруге емес, белсенді демалуға да арналған орын екенін айтып, мұндай нысандар елдерімізде көбірек болуы керектігін атап өтті.

Шетелдік журналистер Алма-Арасанды экотуризмнің әлеуеті зор аймақ деп бағалап отыр. Табиғи байлықты сақтай отырып инфрақұрылым жасау – олар үшін де маңызды тәжірибе болды.
