Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әлия Юсупова бапкерлік қызметінен кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Екі бірдей Олимпиада ойындарының қатысушысы болған ол 2012 жылдан бастап Қазақстан құрамасын басқарып, отандық көркем гимнастиканы жаңа деңгейге шығарды. Оның жетекшілігімен қазақстандық гимнасттар халықаралық ареналарда табыстарға жетіп, құрлықтық чемпионаттарда, Азия ойындарында және әлемдік турнирлерде медальдар жеңіп алды.
2025 жылдың қаңтарынан бастап бас бапкер қызметінен кетемін, өйткені федерациядағы жұмысқа толықтай көңіл бөлгім келеді. Осылайша, басқа бапкерлерге өздерін көрсетуге мүмкіндік беруді жөн көрдім. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Әлия Юсупова.
Айта кетейік, Әлия Юсупова – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері және еңбек сіңірген бапкері. Ол екі рет Олимпиада ойындарында өнер көрсетті. 2004 жылы Афинада Юсупова жүлдеден бір қадам қалыс қалған болса, 2008 жылы Бейжіңде үздік бестіктің қатарында болды. Оның басшылығымен үш спортшы Олимпиада ойындарына жолдама алды.
2016 жылы Сабина Әшірбаева, 2020 жылы Әлина Әділханова, ал 2024 жылы Эльжана Таниева Олимпиадада өнер көрсетті.