Алматы өңірлік гарнизонының әскери бөлімі, азық-түлік қызметінің аға маманы, қатардағы жауынгер Назерке Дәулет биыл Жеңістің 80 жылдығына орай өтетін шеруге қатысады. БАҚ өкілдері шеруге дайындықты көруге әскери қалашыққа барғанда Назерке Дәулетпен тілдесуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Назерке Дәулет бір айдай уақыт бұрын Алматы өңірлік гарнизонынан іріктеуден өтіп, әскери парадқа қатысуға елордаға келген.
– Парадқа дайындық қалай өтіп жатыр? Қиын болған жоқ па?
– Жұмыстың оңайы жоқ. Бірақ біз ерік-жігердің, рухтың арқасында ешқандай ауыртпалықты сезіп жатқан жоқпыз. Оның басты себебі – бізге жасалған жақсы жағдай. Жағдайды толық ұйымдастырған Қорғаныс министрлігіне алғыс айтамыз. Күнделікті уақыт тәртібі таңғы 6-да басталады. Таңғы асты ішіп болғаннан кейін, әскери алаңда жиналамыз. Сөйтіп парадқа дайындыққа кірісеміз.
Әскери мамандық – ол мақтаныш. Ол тек әскери парадқа қатысу ғана емес, оның артында үлкен еңбек, жігер жатыр. Бізге Қазақстан халқы үміт артып отырғандықтан еліміздің, жеріміздің өркендей түсуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз.
– Бұрын да парадқа қатыстыңыз ба?
– Бұған дейін шеруге қатысқан жоқпын. Әскери өмірге 19 жасымда келдім. Қазір 3 жылдық тәжірибем бар. Соның арқасында биыл парадқа алғаш рет қатысқалы отырмын. Жалпы әскери парадқа екінің бірі қатыса алмайды.
Алдымен Алматы өңірлік гарнизонында іріктеу өтті. Міне осы іріктеуден суырылып шыққан ең мықты, жігерлі, еліне-жеріне деген мақтаныш сезімі бар азаматтар ғана таңдалып, шеруге қатысуға келді. Сондай-ақ моральдық-психологиялық жай-күйі тұрақты азаматтар парадқа қатысып, еліміздің көркейе түсуіне үлесін қосады.
Еліміздің үміті – жастар. Сондықтан жастарға үміт артылып отыр. Тәуелсіздік жылдарында көптеген жетістікке қолжеткіздік. Алдағы уақытта да күш-жігерімізді салуға дайынбыз.
– Қазір жасыңыз 22-де. Әскери саланы қалай таңдап келдіңіз?
– Отбасымызда әскери адамдар жоқ. Бірақ өзім осы салаға қызығып келдім. Әлия, Мәншүк апаларымыздың жолын қуып, осы мамандықты таңдадым. Ешқандай өкінішім жоқ. Әскери бөлімдегі ЖОО-ны да жақында аяқтаймын.
– Іріктеуден қалай өттіңіз?
– Әскери бөлімге хабарлама келген болатын. Сөйтіп әскери бөлімде жасы, денсаулық жағдайы сай келетін үміткерлердің арасында іріктеу болды. Іріктеуден суырылып шыққан жастар тағы да қорытынды іріктеуден өтті.
Жалпы денсаулығы мен физикалық жағдайы жақсы азаматтар таңдалып алынды.
– Әскерде қыздар немен айналысады?
– Әскери бөлімде әр қыздың өзінің міндеті бар. Мысалы, менің жұмысым – 97917 әскери бөлімінің азық-түлік қызметінің аға маман жауапты орындаушысы. Қазіргі таңда әскери бөлімде азық-түлікпен толық қамтамасыз ету және құжаттардың дұрыстығына тікелей жауаптымын.
Әскери бөлімде тек осы міндетті ғана орындап қоймай, таң атқанда жаттығу жасап, әскери шепке тұрамыз. Жалпы күнделікті жоспар бойынша жұмыс істейміз. Оның ішінде тактикалық жұмыс та бар.
– Әскери қыздар жүктелген міндеттен бөлек, неге қызығады?
– Әйелдер нәзік жаратылыс болғанымен, жұмыспен барлығын қатар алып жүреді. Әйелдер тек қана ана емес, жұмыста да өз ісінің маманы. Бізде жұмыста дөңгелек үстелдер, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Әскери қыздар барлығына белсене қатысады.
"Қазір алма піс, аузыма түс" дейтін заман емес. Сондықтан барлығына белсене қатысып, әскери міндетімізді атқарып жатырмыз.
– Сіз "патриот" сөзін қалай түсінесіз?
– Мен үшін патриоттық сезім – елім мен жерімнің өркендей түсуі үшін қосқан үлесім. Бір пайыз үлес қоссам да, ол – мен үшін үлкен мақтаныш.
– Сұрақтарыма жауап бергеніңізге алғыс айтамын. Ісіңізге сәттілік тілеймін!