Әлішер Сүлейменов дегенде қазақтың “сегіз қырлы, бір сырлы” деген сөзі еріксіз еске түседі. Қоғам қайраткері, белгілі журналист, кино маманы, актер әрі сценарист, жазушы, драматург және тағы басқа салаларды да қатар меңгерген Әлішер Асқарұлы BAQ.KZ-тің YouTube арнасына арнайы сұқбат берді.
Студиямыздың кейіпкері әкесі – қазақ әдебиетінің алыбы, жазушы Асқар Сүлейменовтен алған тәрбие мен үлгі-өнегесі туралы айтып, қазіргі заманның құндылықтарына, қоғамдағы әке рөліне, жасанды интеллект пен идеология мәселесіне ерекше тоқталды.
Әлішер Сүлейменов 5 жасынан бастап қазақтың күйін тыңдап өскен. Сөзінше, әкесі кейіпкеріміз бен оның қарындасын күйтабақта ойнаған күйді тыңдатып өсірген. Одан бөлек Бах, Бетховен, Шопен секілді классиктердің музыкасымен сусындаған. Осыдан Әлішер Сүлейменовтің музыкаға бейімі қалыптасқан.
Адам өмірі – уақыт пен қуаттан тұрады. Сіздің қуатыңыз денсаулығыңыз, өміріңіз – ол уақытыңыз. Өмірде адамның іштегі ашылмаған ерекшеліктерін дамытуға болады. Әрине орта көп нәрсені береді, - дейді спикер.
Бала кезінде ол өзін ерекше рухани ортада өскенін айтты. Сол орта бала Әлішерді тәрбиелеген.
Әлішер Сүлейменов қазіргі заманда әкенің образы деген сөзді “әкенің асылдығы” сөзімен алмастырды. Әке – үйдегі бәйтерек. Қазақ үйін құрған кезде шаңырақты бақанмен көтереді. Сол шаңырақты көтеретін адам – ол әке. Уық пен керегені құрады. Уық, кереге, бақан дегеніміз – адамның руханияты.
Сондай-ақ спикер сұқбат барысында шығыста еңбек еткенін айтты. Ол шығыстың табиғаты, өңірдің ерекше мәдениеті бар екенін қоса кетті.
Әлішер Сүлейменов елді дамыту үшін әр адам өз саласында кәсіби маман ретінде жұмыс істеу керек деп санайды.
Оған қоса сұқбатымыздың кейіпкері жасанды интеллект тақырыбында да әңгіме өрбітті. Ол - ЖИ-ді белсенді қолданушылардың бірі. Сөзінше, қазір кванттық жүйе мен нейро жүйенің бірігуі жақындап келеді. Ол біріксе, адам баласының өмірі күрт өзгереді.
Сарапшының айтуына қарағанда, жасанды интеллект пен цифрландыру мемлекеттік жүйені көп нәрседен қорғайды. Біріншіден, транспаренттік пайда болып, коррупциялық элементтерден арыламыз. Екіншіден, бюрократия. Яғни іс қағаздары, заңнамалар автоматты түрде жасалады.
Менің ойымша, 10-12 жылда кәсіптердің 30%-ы жойылып, орнына жаңасы пайда болады. Егер біз осы бағытты ұстанып, жүйелі түрде дамытсақ, транзиттік стратегиямыз ілгерілейді. Болашақта Еуразия кеңестігінің “Швейцариясына”, қаржылай, технологиялық, цифрлық орталық хабына айналамыз, - дейді ол.