Павлодар облысында прокурорлар алимент өндіруді күшейтті. Қаңтар айында алимент төлеуден жалтарған үш азамат сотталды. Бірінің қарызы – 2,2 млн теңге, енді бірінде – 4 млн теңгеден асады. Қазір тағы жеті қылмыстық іс тергелуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Борышкерлерге нақты жауапкершілік шаралары қолданылады: елден шығуға шектеу қою, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту, цифрлық іздестіру. Бұл жұмыс қазірдің өзінде нәтижесін беруде.
Тек қаңтар айының өзінде Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша алимент төлеуден жалтарған үш азамат сотталды. Олардың бірі үш жыл бойы төлем жасаудан жалтарып, табысын жасырып, үш кәмелетке толмаған баласын асырауға 2,2 млн теңге қарыз жинаған, - деп хабарлады Павлодар облысы прокуратурасы.
Белгілі болғандай, тағы бір жағдайда 4 млн теңгеден астам берешек бола тұра, борышкер жұмысқа орналасу мүмкіндігі болғанына қарамастан, алты жылдан астам уақыт бойы алимент төлемеген.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының өндірісінде тағы жеті қылмыстық іс бар.
Бұған дейін үш жасар қызын алимент төлемеу үшін қауіпті затпен уламақ болған әкенің соты басталғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.