Елімізде 2023 жылы алимент өндіріп алу туралы 326 328 атқарушылық іс жүргізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Әділет министрлігінің өкілі Талғат Уәли журналистерге өткізген брифинг барысында айтты.
Алимент өндіріп алу туралы 326 328 атқарушылық іс жүргізілді. Оның 16 197 күрделі өндірістер болды (7 545 алимент бойынша 3 айдан астам берешек ерікті түрде ішінара өтеледі, ал 8 652 алимент бойынша берешек мүлдем өтелмейді), ал олар бойынша берешек сомасы 20,7 млрд.теңгені құрады. Сондай-ақ, жыл басынан бері алимент өндіріп алу туралы 291 392 атқарушылық іс жүргізу атқарылуда. Оның 12 345-і күрделі өндірістер болып табылады (7 323 алимент бойынша 3 айдан астам берешек ерікті түрде ішінара өтеледі, ал 4 689 алимент бойынша берешек мүлде өтелмейді), берешек сомасы 14,6 млрд.теңгеге тең, - деді Талғат Уәли.
Алимент өндірісінің басым бөлігі Алматы облысына тиесілі болған. Яғни – 2 579 (1 млрд. 943 млн. теңге), Астана қаласында – 1 802 (1 млрд. 877 млн. теңге), Алматы қаласында – 1 145 (528 млн. теңге), Түркістан облысында – 806 (2 млрд., 185 млн. теңге), Шымкент қаласында – 728 (1 млрд.290 млн. теңге), Қарағанды облысында – 592 (904 млн. теңге). Сонымен қатар, ең аз күрделі алимент өндірістері Ұлытау (126), Ақмола (197), Атырау облыстарына (266) тиесілі болып тұр.
Оның айтуынша, 2023 жылмен салыстырғанда оң динамика байқалады.
Алматы облысында күрделі алименттердің жалпы саны 4 401 өндіріс болды (1 822 өндіріске кеміді), Қарағанды облысында – 1 502 (897 өндіріске кеміді), Астана қаласында – 2 277 (475 өндіріске кеміді), Алматы қаласында – 1 328 (183 өндіріске кеміді). Жалпы алғанда, кұрделі алименттік өндірістердің кемуі еліміздің қалған өңірлерінде мүлікке тыйым салуды, мәжбүрлеп жеткізуді, сондай-ақ әділет органдары мен жеке сот орындаушылары палаталарының көмегімен борышкерлерді жұмысқа орналастыру сияқты қамтитын кешенді шаралардың арқасында байқалады. Осылайша, алимент бойынша берешегі бар Алматы қаласындағы борышкер қарыздарын өтеу мақсатында 3 бөлмелі пәтерді өндіріп алушыға табыстап, ай сайын 500 000 теңгеден төлейді, Павлодар облысындағы борышкер бір мезгілде 5,5 млн. теңге мөлшерінде соманы өтеді, сонымен қатар Ақмола облысындағы борышкер 65 млн. теңге мөлшерінде соманы төледі. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында борышкер қарызын өтеу мақсатында медиация тәртібімен жеке үйін берді, - деді Әділет министрлігінің өкілі.
Айта кетейік, сот орындаушыларының күшімен 6 млрд. теңгеден астам сомаға балалардың мүдделері қорғалған.