Алимент төлемейтіндердің кірісі цифрлық жүйемен тексеріледі

Астана прокуратурасы алиментшілер туралы шұғыл мәлімет жариялады.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 19:46
Бүгiн 2026, 19:46
118
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда бала құқығын қорғау мақсатында алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерді бақылау шаралары күрт күшейтілмек. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордалық прокуратураның Атқарушылық өндірістің заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Серік Бегежанов мәлімдеді.

Прокурордың айтуынша, алименттің уақтылы төленуі кәмелетке толмаған балалардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаумен тікелей байланысты және бұл бағыт қадағалау органының басты басымдықтарының бірі болып қала береді.

Серік Бегежанов бала асыраудан қашып, қарызға батқан ата-аналардың айла-амалдары мен негізгі себептерін атап өтті.

Жауапсыз ата-аналардың негізгі заңбұзушылықтары:

  • Кірісті жасыру: Борышкерлер ресми жұмысқа орналасудан қасақана қашып, нақты табыстарын жасырады;
  • Құмар ойындар: Прокуратура мәліметінше, жиналған қаражатты өз баласына төлеудің орнына азарттық ойындарға (букмекерлік кеңселер мен казино) жұмсайтындар жиі кездеседі;
  • Цифрлық айла-тәсілдер: Табысты жасыру мақсатында электронды әмияндар мен өзге де заманауи цифрлық төлем жүйелерін қолдану жағдайлары анықталған.

Алиментті әдейі төлемей, өз міндетінен қашқандарға қатысты жауапкершілік өте қатаң. Кейінгі бес жылдың ішінде елімізде алимент бойынша 667 борышкер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Заң талабы: Прокурор заңнамаға сәйкес алимент төлеуден жалтарғаны үшін тек әкімшілік айыппұлдар ғана емес, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза да қарастырылғанын еске салды.

Мемлекетте «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында жауапсыз ата-аналарды анықтаудың жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр. Қазіргі таңда борышкерлердің мүлкі мен кірістерін жедел анықтау үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелерді біріктіру (интеграциялау) жұмыстары жүруде.

Жаңа жүйе нені тексереді:

  • Цифрлық платформалар арқылы табылған табыстар (фриланс, такси, жеткізу қызметтері және т.б.);
  • Электронды сервис желілеріндегі ақша айналымдары;
  • Борышкердің атына жасырын тіркелген заманауи кіріс көздері мен мүліктері.

Болашақта тек қаржылық бақылаумен шектелмей, алимент төлемеудің әлеуметтік-психологиялық себептерін де есепке алатын мүлдем жаңа жүйе енгізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, бұл мәселе тек экономикалық қиындықтарға емес, адамның ішкі психологиялық жауапсыздығына да байланысты, - деді Серік Бегежанов.

Прокуратура өкілі сөзінің соңында «Алимент – бұл жай ғана формальды міндет емес, бұл – ата-ананың өз баласының болашағы мен игілігі үшін заңмен бекітілген тікелей адами жауапкершілігі» екенін қадап айтты.

Наверх