Алаштанушы, ғалым Сұлтанхан Аққұлы Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай сала мамандарына ұсыныс тастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ғалым өз сөзінде Міржақып Дулатұлы туралы “Оян, қазақ” сериалы түсіріліп, одан фильм жасалғанын еске алды. Ахмет Байтұрсынұлы туралы да сериал түсіріліп, жақында “Соңғы үкім” толықметрлі фильмі көрерменге жол тартатынын айтты. Сұлтанхан Аққұлы ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған алаш қайраткерлері бір жұдырықтай жұмылған ұжым болғанын нақтылап, аталған фильмдер арқылы тұлғаларды тарих контексінен жұлып алып отырғанымызды алға тартты.
Қошмұхамбет Кемеңгерұлы жазғандай, ХХ ғасыр басында бүкіл қазақтың қамын жеп, сол үшін күрескен ат төбеліндей азаматтар тобы болды. Біз сол топтан Міржақыпты бір бөліп аламыз. Сосын Ахаңды бір бөліп аламыз. Ал сол топты ұйымдастырып, солардың басын біріктірген Әлихан туралы неге осы күнге дейін не сериал түсірмедік, не көркем фильм түсірмедік? – деді алаштанушы.
Ол Әлихан туралы фильм түсірілуі керектігін айтты.
Өткен жылы Азамат Сатыбалды “Әлихан туралы фильм түсіремін” деп ол жоба Ұлттық киноны қолдау орталығының питчингінен өтті. Бірақ қаржы бөлінген жоқ. Әлихан туралы фильмге қыруар қаржы бөліну керек. Өйткені Әлихан бүкіл Ресей империясының Кеңес Одағына ықпалы жүрген саясаткері болатын, - деді ол.