Әлихан Смайылов Жамбыл облысына қатысты жиын өткізді

14 Қыркүйек 2023, 18:30
607
Бөлісу:
Әлихан Смайылов Жамбыл облысына қатысты жиын өткізді
Фото: primeminister.kz

Үкіметте Жамбыл облысындағы маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру барысы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов 11 тамызда Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде кеңес өткізді.

Үкімет басшысына су шаруашылығы, ирригациялық және дренаждық жүйелерді күрделі жөндеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берілді.

Әлихан Смайылов қырғыз тарапымен бірлесіп, трансшекаралық өзендер бойынша болжалды деректерге сәйкес 2024 жылғы вегетациялық кезеңді өткізу алгоритмін алдын ала әзірлеу қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар Тараз қаласында кәріз-тазарту құрылыстарын салу және жылу магистральдарын қайта жаңарту, Тараз, Жаңатас, Қаратау және Шу қалаларындағы көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу, сондай-ақ қолданыстағы қазандықтарды жаңғырту жобаларының өзекті мәселелері қаралды.

Сондай-ақ Мойынқұм ауданындағы Радай және Қарабөгет көпірлерін, Отар-Гвардейск аудандық маңызы бар автожолындағы теміржол өткелі арқылы өтетін көпір салу жобалары туралы баяндамалар тыңдалды.

Жиынға қатысушылар Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен жаңа мектептер салу және мемлекеттік бағдарлама аясында негізгі мектептерді кеңейту, Тараз қаласындағы көпсалалы аурухана мен перинаталдық орталықтың құрылысын, Меркі, Талас және Шу аудандарындағы орталық ауруханаларды күрделі жөндеу, сондай-ақ Байзақ, Жуалы және Қордай аудандарында жаңа медициналық нысандар ашу жөніндегі шараларды талқылады.

Әлихан Смайылов облыс әкімдігі барлық басым жобалар бойынша құжаттама әзірлеуді және тиісті бюджеттік өтінімдерді беруді жеделдету қажеттігін атап өтті.

Бұл ретте су шаруашылығы құрылымдарын күрделі жөндеуден өткізуге, суару желілерін қайта жаңартуға, су қоймаларын салуға және су үнемдеу технологияларын енгізуге баса назар аудару қажет екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы