Әлихан Смайылов Түркия Республикасының Вице-президенті Фуат Октаймен сөйлесті

17 Қаңтар 2022, 20:58
1563
Бөлісу:
Әлихан Смайылов Түркия Республикасының Вице-президенті Фуат Октаймен сөйлесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов Түркия Республикасының Вице-президенті Фуат Октаймен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Түркия Республикасының Вице-президенті Ф. Октай Ә. Смайыловты Қазақстан Республикасының Премьер-министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады. 

Ф. Октай қаңтарда болған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, Түркияның Қазақстанға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Түркия Республикасы – Қазақстанның сенімді әрі стратегиялық серіктесі. Қазақстан Үкіметі ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша Түркиямен ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырады, – деді Әлихан Смайылов. 

Түркия – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әріптесі. 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша өзара сауда көлемі $3,74 млрд құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 32%-ға артық және 2019 жылғы пандемияға дейінгі деңгейден анағұрлым асып түседі. ҚР Тәуелсіздік жылдарында Түркия Қазақстан экономикасына шамамен $5 млрд инвестиция салды, ҚР-ның ТР-ға салған инвестиция көлемі $1,1 млрд құрады.

Биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады.

Өзгелердің жаңалығы