Тегеранда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисидің кездесуі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, Қазақстан-Иран қарым-қатынастарын дамыту мәселесі еліміздің күн тәртібінде ерекше орын алатынын атап өтті.
Қазір екі елдің үкіметтері жоғары деңгейде алға қойылған міндеттерді нақты жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Биыл екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастығымыздың жоғары нәтижелерімен ерекшеленетініне сенімдімін, — деді Премьер-министр.
Атап айтқанда, биыл Тегеранда ауыл шаруашылығы бойынша Қазақстан-Иран жұмыс тобының бірінші отырысын өткізу жоспарланған. Бұл екі ел арасындағы АӨК саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін бермек. Сонымен қатар сауда бағытындағы жұмысты күшейту мақсатында Қазақстанның Ирандағы арнайы сауда өкілін тағайындау туралы шешім қабылданды.