Әлихан Смайылов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісімен кездесті

29 Сәуір 2023, 09:43
822
Бөлісу:
Әлихан Смайылов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісімен кездесті
Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараптар сауда-экономика саласындағы қазіргі жағдайды және энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, экология салаларындағы қарым-қатынастарды нығайту перспективаларын және басқа да мәселелерді талқылады.

Премьер-министр Қазақстан АҚШ-ты екіжақты және көпжақты форматтағы стратегиялық серіктесі санайтынын атап өтті. Бүгінде ҚР-да 900-ден астам бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеуде.

Біз Америка Құрама Штаттарымен бұған дейінгі тиімді ынтымақтастығымызды күн тәртібіндегі кең ауқымды өзара іс-қимыл бойынша одан әрі тереңдетуге және нығайтуға ниеттіміз, - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы былтыр елдер арасындағы тауар айналымы шамамен 40%-ға өсіп, 3,1 млрд доллар болғанын атап өтті. Осы ретте Қазақстан сауда көлемін одан әрі арттыруға әлеуетті және құны 800 млн доллар болатын 90 тауар түрінің экспортын арттыруға дайын.

АҚШ — Қазақстанға тікелей инвестиция тарту бойынша көшбасшы елдердің бірі. Былтыр америкалық инвестиция екі есеге жуық өсіп, 5,1 млрд доллардан асты. Бұл — пандемияға дейінгі рекордтық деңгейге тең көрсеткіш.

Өз кезегінде, Дэниел Розенблюм Қазақстан-Америка қарым-қатынастарын ортақ мүдде негізінде одан әрі дамытуға зор әлеует бар екенін атап өтті.

Әлихан Смайылов АҚШ-тың Қазақстандағы елшісімен кездесті

Біз инвестициялық көрсеткіштерді нығайтып, екіжақты тауар айналымын арттырғымыз келеді. АҚШ компаниялары Қазақстанда түрлі салалардағы қызмет ауқымын кеңейтуге мүдделі. Бұл тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау саласы, ақпараттық-коммуникация және жасыл технологияларға, сондай-ақ көлік саласына қатысты, - деді Дэниел Розенблюм.

Сондай-ақ ол биылғы жазда түрлі секторда қызмет ететін 20-ға жуық америкалық компания іскерлік мақсатта Қазақстанға келуді жоспарлап отырғанын айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың өзара тиімді барлық бағыты бойынша байланыстарды белсенді түрде жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Өзгелердің жаңалығы