Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Арменияға АҚШ-та қол қойылған бейбіт келісімді орындаудан бас тартудың ауыр зардаптары болатынын ескертті. Бұл туралы ол Азертадж агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Егер кез келген болашақ Армения үкіметі Вашингтонда қол қойылған құжатты жоққа шығарса, онда ол ауыр салдарға тап болады. Өйткені аймақтағы күштердің тепе-теңдігі барлық жағынан біздің пайдамызға шешілген, – деді Әлиев.
Мемлекет басшысының айтуынша, аталған құжат екі елдің бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындауы үшін ерекше маңызды. Әзербайжан тарапы келісімнен бас тартқан жағдайда да дәл осылай әрекет ететінін атап өтті.
Сонымен бірге Әлиев Армения үкіметі «жеткілікті даналық» танытып, бейбіт келісімді сақтайды деген сенім білдірді.
Еске сала кетейік, 8 тамызда Вашингтонда Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян қақтығысты бейбіт жолмен шешу туралы Декларацияға қол қойған болатын. Құжат дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіруді, егемендікті, аумақтық тұтастықты, шекаралардың мызғымастығын және бір-бірінің тәуелсіздігін өзара мойындауды қамтиды. 11 тамызда Әзірбайжан мен Армения сыртқы істер министрліктері бейбіт келісімнің толық мәтінін жариялады.