Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметте өткен баспасөз брифингінде кәсіпкерлердің салықтық әкімшілендіруді қайта қарау жөніндегі ұсыныстарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін бизнес-омбудсмен Қанат Нұров кәсіпкерлер атынан Мәулен Әшімбаевқа ашық хат жолдап, салық жүйесіндегі кейбір тәсілдерді өзгерту туралы ойларын жеткізген. Хатта сондай-ақ, балама құралдарды қарастыру ұсынылған. Мәселен, жалпы режимдегі компаниялармен жұмыс істеген кезде арнайы салық режимі субъектілерінің айналымына 8 пайыздық мөлшерлеме қою ұсынылыпған.
Хатты оқыдым, бірақ қазіргі таңда ешқандай түзетулер қарастырылып жатқан жоқ. Біз жақында ғана жаңа Салық кодексін қабылдадық, ол әлі күшіне енген де жоқ, ал оған өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Ең алдымен оның іске асу кезеңін өткеруіміз керек. Содан кейін барып, қандай қадамдар жасайтынымызды қараймыз, – деп жауап берді Серік Жұманғарин БАҚ өкілдері қойған сауалға.
Вице-премьердің пайымынша, кәсіпкерлер көтерген бастамалар тым ауқымды әрі бірден шешім қабылдауға келмейді.
Қазір бізге тым күрт ұсыныстардан аздап бойымызды аулақ ұстап, өзіміз қалыптастырған ортада жұмыс істеген дұрыс сияқты, – деді вице-премьер.
Еске салайық, бұған дейін бөліп төлеу мен бірден төлеу бағасына қатысты жаңа ереже енгізілгені туралы жаздық.