Алғыс айту күні: Жастар жолаушыларға шоколад таратты

1 Наурыз 2021, 20:21
2967
Бөлісу:
Алғыс айту күні: Жастар жолаушыларға шоколад таратты
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді жастары Алғыс айту күніне орай акция ұйымдастырды.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері бірнеше трамвайға отырып, жолаушыларға бір-бір шоколадтан сыйға тартты.

Мақсаттары - аға буын өкілдеріне алғыс айтып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Сонымен қатар жүзі басқа, тілегі бір ұлт өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, тату-тәтті өмір сүріп жатқандары үшін баршаға рахметтерін айтты. 

Ерекше акцияны қолға алуға «Ватан» этномәдени бірлестігінің ұл-қыздары мұрындық болды. 

Алғыс айту күні: Жастар жолаушыларға шоколад таратты

Трамваймен жарты күн бойы жүріп, ата-әжелерге, аға-әпкелерге рахмет айттық. Біз олардан тәлім алып жатқан жайымыз бар. Әсіресе, аға буын өкілдеріне алғысымыз шексіз. Көктемнің алғашқы күні көңілдерін бір сергіткіміз келдік. Алғыс айту күні елімізде алты жыл бойы аталып өтілуде. Біз, жастар болып, мерекені тойлауға үлесімізді қосып жатырмыз. Біз үшін мейрамның мән-мңызы зор, - дейді «Ватан» әзербайжан этномәдени бірлестігінің жастар көшбасшысы Джабар Махмудов. 
Бұл - Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері ұйымдастырған жалғыз акция емес. Облыста ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» қайырымдылық марафоны басталды. «Халкъан Барт» шешен-ингуш бірлестігінің белсенділері 75 көпбалалы отбасыға азық-түлік жиынтықтарын тарту етті. Өзге ұлт өкілдері осылайша сонау қиын-қыстау заманында пана болған қазақ халқына алғыстарын білдірді. Осы тектес қайырымды істер жыл бойы жалғаса бермек.

Өзгелердің жаңалығы