Алғыс айту күні аясында "Қайырымдық керуені" республикалық қайырымдылық акциясы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл акция Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен қайырымдылық шараларды қолдау, мұқтаж азаматтарға көмек көрсету, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы қағидаттарын насихаттау мақсатында 2015 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Акция аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның қоғамдық құрылымдарының мүшелері жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінде түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, соның ішінде қарттар үйлері мен балалар үйлерінде концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, көп балалы және мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттерін таратады.
Соның жарқын мысалы ретінде бүгін Алғыс күніне арналған Форумда ҚХА Төрағасының қоғамдық орынбасары, "Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы" республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы, меценат Акбаржон Исмаилов екі көпбалалы отбасына Астана қаласында жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
Акбарждан Исмаилов өз сөзінде көмекке мұқтаж отбасыларға қол ұшын созып, кәсіпкерлер ретінде қайырымдылық жобаларға қолдау көрсету әр қазақстандықтың азаматтық жауапкершілігі мен отансүйгіштігінің айқын үлгісі екендігін жеткізді.
Акция аясында Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповский Қазақстан халқына алғыс білдірді.
Бәріңізді көктемнің алғашқы күнімен сондай-ақ көктемнің ең бірі керемет мерекесі "Алғыс айту" күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мейрам баршамызға аса маңызды, себебі біздегі бүгінгі таңда әртүрлі ұлт өкілдері "ұлтқұрушы әрі " мемлемет құрушы" қазақ халқына өзінің көп алғысын жеткізеді. Қиын қыстау заманда қаншама ұлт қазақ жеріне еріксіз қоныс аударылды, өзінің отанын тастап кетуге мәжбүр болды, алайда қазақ халқы көмегін беріп, бір үзім нанымен бөлісті. Сондықтанда біз бүгінгі таңда қазақ халқына мың алғысымызды білдіреміз, - дейді Геннадий Шиповский.
Сондай-ақ Геннадий Шиповский бейбіт өмірдің батырларына алғыс айтты.
Бұл - құтқарушылар, дәрігерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері және шекарамамызды күзетіп отырған қызметкерлер. Сондықтан бүгінгі күннің батырларына алғысымыз шексіз. Бірлігіміз нығайып, керемет күндеріміз көп бослын, - деп тіледі мәжіліс депутаты.
"Астана қаласының Өзбек этномәдени орталығы" ҚБ басшысы, Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатовтың айтуынша, халықтың бірлігі артса, кез келген мақсатқа жете аламыз.
Алғыс айту күні құтты болсын! Бір-бірімізді сыйлап, құрметтеп, ізгі тілек тілеп жүрейік. Бірлігіміздің арқасында біз тұтас ұлт болып, үлкен мақсаттарымызды бағындырамыз, - дейді Шерзод Пулатов.