Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде әлеуметтік жобалармен айналысатын қорлар көп. Олар жыл сайын түрлі салада қайырымдылық іс-шараларын, акцияларын өткізіп келеді.
«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. Қор 2020 жылы әлеуметтік маңызы бар 30 жобаны іске асырды және 115 000 адамға көмек көрсетті.
Жобалар негізгі төрт бағыт бойынша іске асты. Олар - әлеуметтік және медициналық сектордағы адамдарға, қоғамдастықтарға көмек көрсету, медиа, мәдени қауымдастықтарды дамыту, адами әлеуетті дамыту және әлеуметтік инвестициялардың өңірлік бағдарламасын іске асыру.
Пандемиямен күрес аясында Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, оның нәтижесінде еліміздің медициналық мекемелері қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ауруханалар мен емханаларға 1000 пульсоксиметрл, 250 оттегі концентраторы, 50 ӨЖЖ аппараты, 92 санитарлық машина сатып алынды, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қорымен серіктестік барысында Қазақстанның 8 өңірінде оңалту орталықтары мен мүгедек балаларға арналған 1 катамнестикалық кабинет ашу жөніндегі ауқымды жоба іске асырылды. Енді жыл сайын БЦС, нейро-ортопедиялық және басқа да ауытқулары бар 5 000-ға жуық бала Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау, Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласындағы орталықтарда заманауи жабдықталған орталықтарға көмек ала алады.
Әлеуметтік қор көздеген стратегиялық мақсаттарды орындауын жалғастыруда. Осылайша, Қазақстанның түрлі өңірлерінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 460-тан астам баланы қамтуға мүмкіндік беретін 3 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және 7 инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ашылды. Нұр-Сұлтан қаласында 4 әмбебап спорт алаңы орнатылды, - деп жазылған ақпаратта.
Пандемияға байланысты көптеген жоба онлайн форматқа ауыстырылды. Мысалы, отбасылық аула клубтарының балалары интернет желісі арқылы үйірме сабақтарын жалғастырды. Бейімделген секциялардың қатысушылары да онлайн арқылы бейімделген спортпен айналысты. Сонымен қатар карантиндік шаралардың жеңілдеуіне байланысты Павлодар, Ақсу, Қарағанды және Жаңаарқа ауданы, Арал, Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Ақтау сияқты бірқатар аймақтарда бейімделген дене шынықтыру секциялары ашылды. Бүгінде 600-ге жуық мүгедек бала бейімделген спорт түрлерімен айналысады.
«Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылықтың бірыңғай операторы арқылы Қазақстан Республикасы тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобалар мен бағдарламалар іске асырылады.
2021 жылы әлеуметтік жобаларды дамыту қорының жұмысы жалғасуда. Қазақстанның 12 өңірінде футбол, баскетбол, волейбол, теннис және басқа да спорт түрлерімен айналысуға арналған ауатіректік құрылыстар базасында спорт кешендерін ашу, сондай-ақ 10 жаңа оңалту орталықтарын іске қосу, отбасылық аула клубтарын ашу және тағы басқа жоспарлар көзделген.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы елімізде волонтерлік саланы дамытуға және ерекше білім беруді қажет ететіндерге көңіл бөлуді, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытуға тапсырма берген болатын.