Аустралиядағы балаларға әлеуметтік желіге тыйым салу заңына екі жасөспірім Жоғарғы сотқа шағым түсіріп, оның конституциялық ережеге сай емес екенін айтты. Олардың пайымынша, заң балалардың ақпарат алу және байланыс құқығын шектейді, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.
10 желтоқсаннан бастап Meta, TikTok және YouTube сияқты платформаларда 16 жасқа дейінгі аустралиялықтардың аккаунттары болмауы тиіс. Үкімет пен науқаншылар бұл шараны балаларды зиянды контент пен алгоритмдердің әсерінен қорғау үшін қажетті деп түсіндіреді.
Алайда 15 жастағы Ноа Джонс пен Мэйси Нейланд және «Цифрлық Бостандық» жобасы (Digital Freedom Project) бұл тыйым балалардың құқықтарын елемейді деп мәлімдеді. Олар интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басқа жолдарын, мысалы, цифрлық сауаттылық бағдарламалары, жасқа сәйкес функцияларды енгізу және құпиялылықты қорғау технологияларын қолдану керегін айтты.
Біз үнсіз қалмауымыз керек. Бұл – Орвеллдің 1984 кітабы сияқты, және бұл мені қорқытады, - деді Мэйси Нейланд.
Үкімет өкілі Аника Уэллс парламентте: «Біз заңдық сынақтар мен ірі технологиялық компаниялардың қысымына көнбейміз. Австралиялық ата-аналардың атынан біз өз позициямызда тұрамыз», – деді.
БАҚ хабарлағандай, Google компаниясы да сотқа конституциялық талап қою мүмкіндігін қарастыруда. Қазіргі сауалнамалар бойынша, ересектердің көпшілігі тыйымды қолдаса да, кейбір психикалық денсаулық қорғаушылар бұл балалардың қарым-қатынасына кедергі келтіруі мүмкін деп санайды.