Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Әлеуметтік зерттеу: Халықтың басым бөлігі конституциялық реформаны қолдайды

Бүгiн, 10:00
148
Бөлісу:
 ©BAQ.KZ архиві
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда жаңа Конституция жобасы талқылануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Конституциялық реформа жөніндегі талқылау 2025 жылғы қыркүйек айында, Мемлекет басшысының жолдауынан кейін басталды. Алты ай бойы елдің негізгі заңын реформалау сарапшылар қауымдастығы, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар және азаматтардың қатысуымен, ашық әрі инклюзивті үдеріс ретінде жүзеге асырылды.

Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы мен Конституциялық комиссия қызметі жұмысының нәтижесі ретінде 30 қаңтарда ұсынылған және жалпыұлттық талқылау үшін жарияланған жаңа Конституция жобасы әзірленді.

Осы орайда жаңа Конституция жобасына қатысты қоғамдық пікірді зерделеу ерекше қызығушылық тудырады.

Әлеуметтік зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазақстандықтар Конституциялық комиссияның жұмысы туралы жалпы хабардар, негізгі ақпарат көздеріне қол жеткізе алады және жаңа Конституция жобасының басты ережелері мен жаңа енгізілімдермен белгілі бір деңгейде таныс. Азаматтардың елеулі бөлігі процестің барысын қадағалап қана қоймай, жаңа Конституцияны қабылдаудың ел үшін де, өздері үшін де ықтимал салдарын оптимистік тұрғыда қабылдайды.

"Демократия институты" ғылыми-зерттеу қауымдастығының мәліметіне сәйкес, Конституциялық комиссияның қызметі қарапайым азаматтар арасында белгілі бір қызығушылық тудырып отыр. Телефон арқылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу деректеріне сәйкес, респонденттердің 38,6%-ы Комиссияның жұмысын белгілі бір деңгейде қадағалайды: сауалнамаға қатысқандардың әрбір тоғызыншысы (10,8%) оны мұқият қадағалайды, ал тағы 27,8%-ы анда-санда.

Конституциялық комиссияның қызметі туралы негізгі ақпарат көздері – интернет пен әлеуметтік желілер, соның ішінде отырыстардың онлайн-трансляциялары. Атап айтқанда, әлеуметтік желілердегі жазбаларды 37,3%, интернет-БАҚ-ты 29,1%, әлеуметтік желілердегі қысқа бейнебаяндарды 28,7% респондент атады.

Интернетпен қатар, теледидар жаңалықтары да азаматтар арасында жоғары сенім деңгейін сақтап отыр (32,6%). Конституциялық комиссияның қызметі халық үшін айтарлықтай маңызды: іс жүзінде әрбір оныншы респондент оның жұмысын достары мен таныстарымен талқылайтынын айтқан.

Зерттеу нәтижелері азаматтардың айтарлықтай бөлігі жаңа Конституция жобасы туралы белгілі бір деңгейде хабардар екенін көрсетеді: шамамен 30%-ы оның мәтінімен таныс (22,5% – ішінара, 7,5% – толық мәтінін оқыған). Тағы 42,9% жаңа Конституция жобасы туралы естігенімен, оның мазмұнымен таныс емес. Жоба жарияланғаннан кейін бірден бірнеше күн ішінде жүргізілген сауалнама үшін бұл – айтарлықтай жоғары көрсеткіштер.

Азаматтар жаңа Конституция жобасындағы ең маңызды нормалар мен ережелер ретінде жеке өмірге қол сұқпаушылық пен дербес деректерді қорғауды (39%), білім беру мен тәрбиенің зайырлы сипатын (33%), ғылым мен инновацияларға ерекше көңіл бөлуді (30,3%) атап өтті. 

Сонымен қатар, заң мен тәртіп, экологиялық жауапкершілік, адамға бағдарлану сияқты құндылықтық бағдарлар (23,9%), өлім жазасына тыйым салу және өмір сүру құқығын қорғау (22,9%), сондай-ақ дін мен мемлекеттің нақты бөлінуі (21,2%) де маңызды деп танылды.

Сауалнамаға қатысқан азаматтардың қабылдауында жаңа Конституция жобасының преамбуласында көрініс тапқан ең маңызды ережелер ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі бірлік, бейбіт және үйлесімді өмір сүру құндылықтарымен байланысты. 

Атап айтқанда, респонденттердің 31,8%-ы Қазақстан халқының бірлігін нығайтуды, 30,8%-ы барлық елдермен бейбітшілік пен достыққа ұмтылысты, 30,4%-ы табиғатқа ұқыпты қарауға шақыруды маңызды деп атап өтті. Сонымен қатар, преамбулада көрініс тапқан аса маңызды бес құндылықтың қатарына азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мызғымастығы (23,5%) және болашақ ұрпақ алдындағы жоғары жауапкершілікті сезіну (20,4%) де енді.

Азаматтардың басым көпшілігі (78,3%) жаңа Конституцияда көрсетілген дін мен мемлекеттің нақты бөлінуі туралы ұсыныс арқылы көрініс тапқан зайырлылық қағидатын қолдайды. Респонденттердің 45,3%-ы бұл норманы толық қолдайтынын, тағы 33%-ы көбіне қолдайтынын айтты. Ал әрбір бесінші сауалнамаға қатысушы (20,7%) бұл норманы белгілі бір деңгейде қолдамайтынын білдірді.

Жаңа Конституция жобасының негізгі идеяларының бірі – адам капиталының, білімнің, ғылым мен инновацияның дамуын мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде бекіту – халық тарапынан кең қолдау тапты: азаматтардың 86,3%-ы бұл құндылықтың Конституцияда бекітілуін қолдайды. Бұл идеяны қолдаушылар саны оны қолдамағандардан 7 есе көп (12,2%).

Жалпы алғанда, ел халқы жаңа Конституцияны қабылдаудың өзі үшін ықтимал салдарын оптимистік тұрғыда бағалайды: респонденттердің 65,3%-ы бұл өзгерістер олардың азамат ретіндегі құқықтары мен мүмкіндіктеріне оң әсер етеді деп есептейді. Ал 8,7%-ы реформалардың кері әсер етуі мүмкін деп алаңдайды. Тағы 24% азамат енгізілетін өзгерістер өздеріне ешқандай әсер етпейді деп санайды.

Конституциялық реформаны қабылдау жалпы оң бағаланып отыр және оны қолдау деңгейі айтарлықтай жоғары: сауалнамаға қатысқан азаматтардың басым көпшілігі (84,7%) Президент ұсынған Конституциялық реформаны және жаңа Конституция жобасын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш оны толық қолдайтындарды (35,2%) және аздау сенімділікпен қолдайтындарды да (49,5%) қамтиды. Қолдау білдірмеген азаматтардың жалпы үлесі 13,5%-ды құрайды (5,3% – мүлдем қолдамайды, 8,2% – көбіне қолдамайды).

Жалпы алғанда, алынған деректер конституциялық реформаның мақсаттары мен мазмұнына қатысты қоғамдық түсініктің қалыптасқанын, сондай-ақ азаматтардың ақпараттану деңгейі мен Негізгі заң жобасын талқылауға қатысуының жеткілікті жоғары екенін көрсетеді.

Телефондік сауалнама 2026 жылғы 1–5 ақпан аралығында жүргізілді. Зерттеуге 17 облыс және республикалық маңызы бар үш қаладан – Астана, Алматы және Шымкенттен – 18 жастан асқан 1 200 респондент қатысты.

Өзгелердің жаңалығы