2026 жылы республикалық бюджет шығыстары 27,7 трлн теңгені құрайтыны белгілі болды. Соның 38,6 пайызы, яғни 10,7 трлн теңге толықтай әлеуметтік бағытқа жұмсалмақ. Бұл – бюджеттің ең ірі әрі ең сезімтал бөлігі. Әлеуметтік шығындардың көлемі жыл санап ұлғайып келе жатқан тұста, мемлекет алдында бір мезетте екі міндет тұр: халықтың әлеуметтік тұрақтылығын сақтау және экономиканың ұзақмерзімді дамуына мүмкіндік беру. Тақырыпты BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Әлеуметтік шығындардың нақты үлесі және құрылымы
Экономист, сарапшы Айбар Олжай осы мәселеге қатысты өз бағасын берді. 2026 жылғы республикалық бюджеттегі 10,7 трлн теңге әлеуметтік шығын екі ірі бағытқа бөлінеді. Оның 6,8 трлн теңгесі тікелей әлеуметтік төлемдерге кетеді. Бұл – бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы, түрлі жәрдемақылар, мүгедектік бойынша төлемдер, стипендиялар мен зейнетақылар.
Қалған 3,9 трлн теңге адами капиталды дамытуға, яғни білім беру, денсаулық сақтау және соған байланысты салаларға бағытталмақ. Бұл тек республикалық бюджеттегі көрсеткіш. Ал жергілікті бюджеттерде әлеуметтік шығындардың үлесі шамамен 40–50 пайызға жетеді. Осы екеуін біріктіріп қарасақ, шоғырланған мемлекеттік бюджет көлемінде әлеуметтік бағыттағы шығындар кемінде 50 пайызды құрайды, - дейді экономист.
Сарапшының айтуынша, бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты түрде өсіп келеді.
Әлеуметтік төлемдер және бюджет тапшылығы
Айбар Олжай әлеуметтік шығындардың артуын ең алдымен демографиялық факторлармен байланыстырады. Халық саны өсіп келеді, сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді қажет ететін азаматтар саны да көбейіп отыр.
Бізде адам санының өсуімен бірге көмекті талап ететін топтар да артып жатыр. Әсіресе мүгедектігі бар адамдардың үлесі алаңдатады. Статистикаға қарасақ, әрбір 20-шы қазақстандық мүгедек деп көрсетіледі. Бұл рас па, рас емес пе – соны терең тексеру қажет, – дейді ол.
Әлеуметтік төлемдердің өсуі бюджет шығыстарының да ұлғаюына алып келді. Кей жылдары шығыстардың өсімі бюджет кірістерінің өсімінен асып түсті. Сарапшы мұны ең қауіпті үрдістердің бірі деп санайды. Пандемия, одан кейін Ресейге қарсы санкциялар бюджетке қосымша салмақ түсіріп, тапшылықтың ұлғаюына себеп болған.
Ұлттық қор және тәуелділік тәуекелі
Әлеуметтік шығындардың артуы мұнай кірістеріне және Ұлттық қорға тәуелділікті күшейтеді. 2026 жылдан бастап мемлекет Ұлттық қордан жылына 2,77 трлн теңгеден артық алуды шектеуді көздеп отыр.
Алайда әлеуметтік төлемдер көлемі өсе берсе, бюджет тапшылығын жабу мәселесі туындайды. Ұлттық қорға қол сұға алмаған жағдайда, мемлекет қарыз алуға мәжбүр болады. Бұл – ішкі облигациялар көлемін арттыру деген сөз, - деп түсіндірді сарапшы.
Қазіргі базалық мөлшерлеме жоғары кезеңде қарыз алу мен оны өтеу ауыр жүкке айналып отыр. Мысалы, 2026 жылы бюджет шығыстарының 3 трлн теңгеден астамы бұрын алынған қарыздарды өтеуге жұмсалмақ. Бұл даму үшін бөлінетін ресурстарды одан әрі қысқартады.
Әлеуметтік саясат пен даму арасындағы тепе-теңдік
Сарапшының пікірінше, Қазақстан қазір екі түрлі балансты қатар ұстауға тырысып отыр.
Бір жағынан, әлеуметтік мемлекет ретінде азаматтарға қолдау көрсету қажет.
Екінші жағынан, экономикалық даму үшін инвестиция, инфрақұрылым, өндіріс, жол және теміржол салуға қаржы керек.
Егер бюджеттің жартысынан астамы әлеуметтік төлемдерге кетсе, дамуға ақша қалмайды. Бұл – бүгінгі тұтыну. Ал ертеңгі өсімге, жаңа өндіріс пен инфрақұрылымға қаражат жетпей қалады, – дейді Айбар Олжай.
Оның айтуынша, қазіргі модель шамамен 40/60 арақатынасына негізделген. Яғни әлеуметтік шығындар жоғары, даму шығындары шектеулі. Ал идеалды баланс – 30 пайыз әлеуметтік төлемдер, 70 пайыз даму бағыттарына жұмсалуы тиіс. Сонда ғана ұзақмерзімді экономикалық серпін болады.
Инфляциялық қысым және тұтыну факторы
Әлеуметтік төлемдер – тікелей тұтынуға бағытталған қаражат. Адам алған ақшасын дереу жұмсайды. Сондықтан әлеуметтік төлемдердің, арзан несиелердің және нарыққа құйылатын кредиттердің барлығы инфляцияға тікелей әсер етеді.
Сарапшының пайымдауынша, әлеуметтік шығындардың ұлғаюы 2026 жылы инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін. Бұл тәуекел әсіресе кірістердің өсімі шығыстардың қарқынына ілесе алмаған жағдайда айқын сезіледі.
Тиімділік мәселесі және қайта қарау қажеттілігі
Айбар Олжай әлеуметтік шығындарды толық қысқарту мүмкін емес екенін айтады. Бірақ олардың тиімділігін арттыру қажет деп санайды.
Шын мұқтаж адам міндетті түрде көмек алуы керек. Бірақ кейде түрлі жолын тапқан адамдар да осы жүйеге кіріп кетеді. Соның салдарынан қаражат нағыз мұқтаж жандарға жетпей қалады, – дейді ол.
Сарапшы бұл жерде жасанды интеллект пен үлкен деректерге сүйенген ауқымды тексеру, ревизия жүргізу қажет екенін атап өтеді. Әлеуметтік қолдаудың нақты мақсатты топтарға жетуін қамтамасыз ету – бюджеттік тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылық арасындағы басты тетік болуға тиіс.
2026 жылы Қазақстан үшін әлеуметтік тұрақтылық пен бюджеттік тәртіп арасындағы тепе-теңдікті сақтау оңай болмайды. Әлеуметтік шығындар халық үшін маңызды, бірақ олардың шамадан тыс өсуі даму мүмкіндіктерін шектеп, қарыз жүктемесін арттырады.
Қазіргі міндет – әлеуметтік міндеттемелерді сақтай отырып, олардың өсу қарқынын бақылау, тиімділігін арттыру және экономиканың ертеңгі дамуына жол ашатын ресурстарды жоғалтпау.