Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Мәжілістің жалпы отырысында «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР заң жобасын таныстырды.
ҚР тұңғыш президенті Елбасы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленген міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы ҚР жаңа заң жобасы ұсынылады. Заң нормасының негізгі мақсаты – еңбек өтілі мен жеңілдіктердің мөлшері арасындағы қатынастарды күшейту, сондай-ақ 2020 жылдан бастап мүгедектікке, асыраушысынан айрылуына және еңбекке қабілеттілігін жоғалтуына байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін орта есеппен 30%-ға арттыруды қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін заң жобасында мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін 3 түрлі әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлерін қайта қарастыру көзделеді.
«Біріншіден, еңбек өтілі 5 жылдан асатын төлем алушылар үшін жүйеде қатысу өтінім коэффициентін қайта қарау ұсынылады. Бұл коэффициент 3 әлеуметтік төлемді айқындау кезінде қолданылады. Бүгінгі таңда 5 жыл және одан көп өтілі бар азаматтар үшін бір коэффициент қолданылып келеді. Осылайша жүйеге бес жылдан көп қатысқандарды ынталандыру тетігі қарастырылмаған. Жүйеге неғұрлым көп қатысуды ынталандыру үшін 5 жылдан артық қатысу өтілі бар азаматтарға әрбір еңбек еткен толық бір жылы үшін коэффициентті 2%-ға арттыру ұсынылады», - деп айтты Сапарбаев.
Оның сөзінше, 2018 жылғы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 5 жылдан көп қатысқан азаматтар саны 3 млн 400 адамды немесе қатысушылардың жалпы санының 55%-ын құраған. Сондықтан бұл өзгеріс төлем алушыларға оң әсерін тигізбек.
«Екіншіден, мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мақсатында еңбек ету қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін тікелей медициналық-әлеуметтік сараптама негізінде белгіленген жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейіне сәйкес анықтау ұсынылады. Бүгінде еңбек ету қабілетінен айырылудың орташа коэффициенті қолданылады. Яғни, бұл мүгедектігі бар адамдардың нақты қажеттелігі есептелмейді. Мәселен еңбек ету қабілеті 30-50% дейін болса – 0,3 коэффициент; 60-79% болса – 0,5; 80-100% болса – 0,7 коэффициент. Заң жобасында осы мәселені реттеу көзделген», - деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Ол формуламен мысал келтірді. Төлем 65%-ға дейін берілсе, коэффициент – 0,65, 80% дейін болса коэффициент – 0,8, 100% дейін берілсе коэффициент 1-ге теңестіріледі. Мысалы, азаматтың орташа айлық табысы 100 мың теңге, 7 жыл жұмыс істеп әлеуметтік аударымды төлеген болса онда еңбек ету қабілетінен 65% айырылған жағдайда әлеуметтік төлем мөлшері қолданыстағы нормалар бойынша – 7988 тг, заң жобасындағы жаңа формулада – 31080 теңгені құрайды. Өсім – 35%. Бұл төлем мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдарды төлеген адамдарға ғана беріледі. Оған қоса базалық деңгейден мүгедектігі бойынша базалық жәрдемақы қоса тағайындалады. Екінші топтағы мүгедек үшін оның мөлшері биыл 45436 тг құрады, сонда төлемнің жалпы сомасы айына 76518 тг болады. Өткен жылы қордан жалпы сомасы 12 млрд 300 млн теңге көлемінде 81 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алған.
«Үшіншіден, заң жобасында асыраушысынан айрылған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін асырауындағылар санына сәйкес қолданылатын коэффициентті арттыру көзделген. Мысалы, асырауында бір адам болса, коэффициент 40-тан 50-ге, екі адам болса 50-ден 65-ке, үш адам болса 60-тан 80-ге, 4 және одан да көп адам болса 80-нен 100% арттыру ұсынылады. Жалпы алғанда, әрбір коэффициент өсімі бұрынғы мөлшерден 25% көбейеді. Мысалы, азаматтың орташа айлық табысы 100 мың теңге, 7 жыл жұмыс істеп әлеуметтік аударымдарды төлеген болса онда асырауындағы бір балаға әлеуметтік төлем мөлшері қолданыстағы формула бойынша 18390 теңгені, ал заң жобасындағы жаңа формула бойынша 23907 тг құрайды. Асыраушыларынан айырылған балаларды қорғау жүйесі көп деңгейлі екенін ескере отырып, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы сомасын қосқанда жалпы төлем сомасы айына 49448 тг тең. 2018 жылы қордан 45 мың адамға асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындалды. Оның мөлшері – 8 млрд 700 млн теңге», - деді ол.
Төртіншіден, заң жобасында жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау параметрлерін қайта қарау ұсынылады.
«Бірінші, төлемді анықтау барысында қолданылатын табысты алмастыру коэффициентін 30%-дан 40% арттыру, бұл еңбек ұйымының ұсынысымен сәйкестендіру үшін жасалынып отыр. Екіншіден, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем мерзімін жүйеге қатысу өтіліне байланысты 4-тен 6 айға дейін ұзарту ұсынылады. Қазіргі таңда алты айға дейін әлеуметтік төлем тек жұмысынан штатты қысқартылу, заңды тұлғаның таратылуы бойынша айырылған жағдайда ғана тағайындалады. Заң жобасында жұмысынан айырылу себебіне байланыссыз, яғни еңбек өтіліне қарай төлем алты айға ұзартылады. Өткен жылы қор есебінен 47600 адам жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алды. Оның сомасы – 3 млрд 600 млн тг құрады», - деді министр.
Сапарбаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан жаңадан келетін және қазіргі төлем алушылар арасында шиеленісті болдырмау мақсатында асыраушысынан және еңбек өту қабілетінен айырылуы бойынша әлеуметтік төлемді алып жүрген азаматтар үшін жаңа өзгерістерді қолдана отырып, бір реттік қайта есептеу жүргізуді ұсынды.
«Заң жобасын қолдау нәтижесінде үш әлеуметтік қатер – еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің өсуі шамамен 200 мыңнан астам адамды қамтиды. Төлем орта есеппен 30%-ға көтеріледі. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен әлеуметтік төлемнің байланысы күшейеді. Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржыны талап етпейді», - деп сөзін түйіндеді ведомство басшысы.