Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 194 мыңнан астам қызмет алынды

17 Маусым 2022, 13:30
1374
Бөлісу:
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 194 мыңнан астам қызмет алынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы  арқылы шамамен 162,1 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 6,4 мың – ымдау тілі қызметін, 25,5 мың – жеке көмекшінің қызметін алды. 

Сондай-ақ, портал арқылы кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға 44 мың тапсырыс рәсімделді.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінгі күні порталда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 816 медициналық-әлеуметтік мекеме (бөлімшелер), 230 ОТҚ жеткізуші, 24 мыңнан астам жеке көмекші, 623 ымдау тілін қызметін, 89 санаторлық-курорттық емдеуді, 61 кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы жеткізушілер тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған.

Қолдауға арналған байланыс орталығына 1414 бірыңғай нөміріне қоңырау шалып, тілді таңдау және 5 санын басу арқылы Порталды пайдалану бойынша кеңес алуға болады.

Өзгелердің жаңалығы