Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 145 мыңнан астам адам қызмет алды

5 Наурыз 2024, 20:20
460
Бөлісу:
Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 145 мыңнан астам адам қызмет алды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2024 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 110,9 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 6,4 мың – ымдау тілі қызметін, 24,1 мың – жеке көмекшінің, 3,8 мың – санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.

Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.

Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.

Бүгінгі күні Порталда 885 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 658 ОТҚ жеткізуші, 29 мыңға жуық жеке көмекші, 734 ымдау тілі және 112 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.

Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған Портал жөніндегі комиссияларға жаңа өкілеттіктер берілген: мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау; өнім берушіге хат жолдау және оның орындалуын бақылау; өнім берушіні Порталдан шығару және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы білуге болады.

Өзгелердің жаңалығы