Бұл мәселені Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында БАҚ өкілі көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист сұрағы жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғау, оның ішінде Қазақстан Республикасындағы кәсіпорындарында Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнаманың сақталуы жөніндегі жиында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Еңбек, әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұловқа бағытталды.
Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды күтіп-баптайтын, ары-бері алып жүретін әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы мардымсыз көлемде беріледі. Оларға қосымша жұмысқа тұруға рұқсат жоқ. Табыс көрсеткіші межеге жетпейтін болған соң мұндай мамандар ипотекалық бағдарламаларға қатыса алмайды. Осы секілді әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын арттыру көзделген бе? – деп бұл мәселенің қалай шешілетінін сұрады.
Төлеген Оспанқұлов сұраққа жауап бермес бұрын министрлікте комитет төрағасы екенін атап, негізгі жұмысы министрліктің дайындап берген заңдарын жүзеге асыру екенін айтты.
Негізі ондай мәселе бар. Ол мәселемен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір әлеуметтік кодекс аясында осы мәселелер қаралып жатыр. Сондықтан әлеуметтік жұмысшылар туралы мәселе де қаралады, - деп сендірді Оспанқұлов.