Әлеуметтік қолдау мемлекеттің қаржылық мүмкіндігіне қарай беріледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Kazinform-ға сілтеме жасап.
Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатында вице-премьер әлеуметтік қолдаудың түрлеріне тоқталды.
Бірінші – әлеуметтік қамсыздандыру. Егер азамат тәуекелге тап болса, онда оның бұрын алып жүрген табысын толық қамтамасыз етуіміз керек. Мәселен, азамат жұмыс істеп жүріп, 100 пайыз мүгедек болса, онда оның бұрын алып жүрген айлығын 100 пайыз төлеуіміз керек. Егер 2, 3-топ мүгедегі болса, онда сол топтарға сәйкес беріледі. Екіншісі – әлеуметтік жәрдемақы. Әлеуметтік жәрдемақы көмек ретінде беріледі. Атаулы әлеуметтік көмекті алайық. Бұл көмек мемлекеттің қаржылық мүмкіндігіне қарай тағайындалады. Егер мемлекеттің қаржылық мүмкіндігі тәуір болса, қандай да бір көмек көрсете алады, – деді Тамара Дүйсенова.
Мәселен, оның айтуынша, Ресейде нақты сома көрсетілген. Тек сол соманы ғана беріп отырады.
Ал біз мемлекет тарапынан азаматқа берілетін қосымша көмек болғандықтан айлық есептік көрсеткішті қарастырдық. АЕК жыл сайын инфляция деңгейінде өсіп отырады. Әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік қолдау жүйесі бар. Әлеуметтік қамсыздандыру мемлекет тарапынан кепілдендірілген. Ал әлеуметтік қолдау мемлекеттің қаржылық мүмкіндігіне қарай беріледі, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.