Астана, BAQ.KZ. «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіне қатысқан делегаттар партияның 2030 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын қабылдады.
Онда стратегиялық мақсаттың ауқымы мен алдағы онжылдықтағы қоғам мен мемлекет дамуының негізгі бағыттары айқындалған.
«Біз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастаған «Нұр Отан» партиясы екі онжылдықта адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ауқымды реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырып келе жатқан танымал партияға айналғанын нық сеніммен айтамыз. Мемлекет басшысының әлеуметтік қолдауды күшейту және Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын жақсарту жөніндегі ауқымды шаралары ұсынылған «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі тарихқа енді. Халықтың өмір сүру деңгейі мен сапасын көтеру, аз қамтылған азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру мен денсаулық сақтауды жақсарту, өңірлерді кешенді дамытудың бірінші кезектегі міндеттері белгіленді. Осылайша, халықты мемлекеттік қолдаудың ауқымды шаралары іске асатын болады» - дейді Сенат депутаты Сергей Ершов.
Оның айтуына қарағанда, қомақты әлеуметтік инвестициялар халықтың мемлекеттік қолдауды қажет ететін әртүрлі топтарын қамтиды, оның ішінде табысы төмен отбасылар да бар.
«Күнкөрістің төменгі деңгейі бойынша атаулы көмек көрсету шегін 70 пайызға арттыру арқылы табысы аз отбасыларды қолдау ауқымы ұлғаяды. Көп балалы отбасылардағы әрбір балаға ең төменгі төлем 20 789 теңгені құрайды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелейтін ата-аналарға, қамқоршыларға және отбасыларға (тұлғаларға) берілетін жеәрдемақылар 30 пайызға артады. 2019-2021 жылдарда бұл шараларға 300 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді» - дейді ол.
Сондай-ақ ол, мемлекеттік қолдау көпбалалы отбасылардың ересек мүшелерін жұмыспен қамтамасыз етуді де қамтитынын айтты.
«Одан басқа, азаматтар үшін тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндіктерін арттыру жөніндегі жұмыстар күшейе түседі. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көп балалы, аз қамтылған отбасыларға арнап 40 мыңнан астам жалға берілетін пәтерлер салынатын болады. Сол үшін жыл сайын 50 миллиард теңге қосымша бөлінеді. Сонымен қатар, осы санаттағы адамдар үшін Мемлекет басшысы Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі жүйесі арқылы жылына 2-3 пайыздық тұрғын үй қарызын берудің жеңілдетілген тетігін әзірлеуді тапсырды. «Нұр Отан» партиясының бүгінгі съезі Қазақстан өз азаматтарының әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған ерекше үлгідегі әлеуметтік мемлекет екенін тағы да дәлелдеді» - дейді сенатор.