Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі Жаңа жыл қарсаңында «Береке Fest» республикалық акциясын қайта өткізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Акция 23–31 желтоқсан аралығында өтіп, еліміздің барлық өңірлерін қамтиды. Оған SMALL, Magnum, Fermag, Anvar, Toimart, Dina, «Норма», «Дана» сияқты шамамен 80 ірі сауда желісі, сондай-ақ бірқатар өңірлік ритейлерлер қатысып отыр.
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, бұл бастама негізгі тұтыну тауарларының бағасын тұрақтандыруға, отандық өндірушілерді қолдауға және қазақстандық өнімдердің халық үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұған дейін акция биылғы жылдың қыркүйек–қазан айларында өткен болатын.
«Береке Fest» аясындағы бағаның төмендеуі сауда желілері тарапынан сауда үстемелерінің қысқартылуы, сондай-ақ делдалдардың қатысуынсыз фермерлер мен сауда нүктелері арасында тікелей жеткізілімдер жолға қойылуы есебінен мүмкін болды. Нәтижесінде отандық және импорттық тауарлар жеңілдіктермен ұсынылуда. Акция ассортиментіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары кіреді.
Ірі сауда желілерінде акция кезеңінде қазақстандық өндірушілердің өнімдері ұсынылатын арнайы промо-аймақтар ұйымдастырылды. Негізгі назар отандық тауарларды ілгерілетуге және сауда желілері мен жергілікті жеткізушілер арасындағы тұрақты кооперацияны дамытуға аударылған.
Акцияға қатысатын барлық сауда нүктелері бірыңғай стильде безендірілгені атап өтілді. Бұл сатып алушылардың бағдар алуын жеңілдетіп, өнімнің қолжетімділігі мен жергілікті шығу тегіне баса назар аударады. Министрлікте «Береке Fest» акциясын өткізу ішкі сұранысты ынталандыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға да ықпал ететінін атап өтті.