Әлеуметтік кәсіпкерлікті көбі дұрыс түсінбейді – Ләззат Алшынова

28 Қыркүйек 2022, 09:10
1521
Бөлісу:
Әлеуметтік кәсіпкерлікті көбі дұрыс түсінбейді – Ләззат Алшынова
Фото: автордан

Әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміз біздің қоғамдағы жаңа бағыт, көп адам ол туралы біле бермейді. Бұл туралы «Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігі» өңірлік бағдарламасы тақырыбын талқылау барысында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытып жүрген Ләззат Алшынова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әлеуметтік кәсіпкерлік дегенді тіпті кәсіпкерлердің өздері дұрыс түсінбейді. Мұның өзге кәсіпкерліктен айырмашылығы бар, яғни түсетін табыстан бөлек қоғамға тигізер пайдаңыз да болу керек. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созған кәсіпкерлерді әлеуметтік кәсіпкер деп атаймыз. Қазірде осы жолды таңдаған кәсіпкерлеріміз аз емес. Көпбалалы аналарға, мүгедек жандарға көмек бересіз бе, жоқ әлде экология жағынан көмек бересіз бе? Оның түрі көп. Көп кісі әлеуметтік кәсіпкер дегеніміз тек тұрмысы төмен немесе көпбалалы аналарға көмек көрсету деп ойлайды. Олай емес. Табиғатты көркейтуге, тазалықты сақтауға, тарихи мұраларды сақтауға атсалысу да әлеуметтік кәсіпкерлікке жатады. Қоғамға қандай көмек бере алам деп өзіме сұрақ қойдым. Осылайша аз қамтылған отбасыларға көмек беруді жөн көрдім. Әр адамның ішінде мақсаты, миссиясы болады. Мен де білімім мен тәжірибеме сәйкес қоғамға пайдамды тигізгім келді. Осы мақсатта 12 жыл бұрын отбасылық қоғамдық клубтар деген жобаны бастадық, - деді Ләззат Алшынова.

 

Әлеуметтік кәсіпкерлікті көбі дұрыс түсінбейді – Ләззат Алшынова

Мақсаты көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету болды. 

Өз көзқарасым, мақсатым бар сол жолда еңбектеніп жүрмін.  3 мыңнан аса бала біздің отбасы клубтарына келіп, қосымша білімді тегін алады. Оның қатарында би, спорт, шахмат, тілдер оқу, қолөнер үйірмелері бар. Барлығы 20-дан астам үйірме түрі бар. Басында әрине оңай болған жоқ. Өз идеямды ұсынып, демеушілер іздедім. Бір адам бұл істі жалғыз өзі жүзеге асыра алмайды. Ол үшін осы бағытта ойлайтын көзқарасы ортақ адамдармен араласып, бөлісу керек. Іздендім, осылайша қолдау таптым. Ойымыз бір жерден тоғысып аула клубтарын аштық. Астана бойынша 6 отбасы клубымыз бар. Бірнеше демеушіміз де бар. Тек істі бастаған кезде құр отырмау керек, жүгіріп, ізденіп, әрекет ету керек. Біздің тегін үйірмелерге келу үшін инстаграм, фейсбуктегі аккаунтарымызға жазылып, телефон арқылы хабарласуға болады, - деді ол.

Отбасы клубтарында үйдегі тәрбие бойынша да дәрістер оқытылады.

Одан бөлек ата-аналармен  де жұмыс істейміз. Бақытты отбасы құру қағидаларына үңіліп,  мамандар ақыл-кеңесіне де жүгінеміз. Отбасы татулығы, сыйластығы біз үшін маңызды. Әйелдермен де бөлек жұмыс жасаймыз. Ол үшін арнайы мамандар жұмыс істейді.  Жалпы «Орталық Азия елдеріндегі әйелдер кәсіпкерлігі» өңірлік бағдарламасы жобасын Әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі жаһандық WAGE консорциумы жан-жақты жүзеге асырып жүр.Қалай болғанда да негізгі мақсат кәсіпкерліктен бөлек өзіміз тұратын қоғамға пайдамызды тигізіп, аз да болса қолғабыс көрсету, - дейді әлеуметтік кәсіпкер Ләззат Алшынова.

Өзгелердің жаңалығы