Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 600-ден астам әлеуметтік кәсіпкер тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау үшін заң қабылданды. Бірақ кәсіпкердің бәрі өзіне жасалған жеңілдіктер туралы біле бермейді. Әсіресе, өңірлерде кәсіпкерлер өзіне тиесілі преференциялар туралы аз біледі.
Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік қолдау құралдары көп емес. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП жанынан әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қосалқы комитет құрылған. Қосалқы комитеттің басшысы Әйгерім Жаналинова әлеуметтік кәсіпкерліктің қазіргі жағдайы, әлемдік тәжірибе туралы, сондай-ақ қосалқы комитет алдында қойылған жұмыстар, саланы дамыту жоспары туралы айтып береді.
Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік: саладағы жағдай қандай?
Спикердің айтуынша, әлеуметтік кәсіпорын – азаматтар мен қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған бизнес түрі. Демек, көмектесу, экологияға қамқорлық жасау, халықтың әлеуметтік осал топтарындағы адамдарға жұмыс орындарын ұсыну – әлеуметтік кәсіпкерліктің құрауыштары. Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізінде халықтың әлеуметтік осал санаттарының проблемаларын шешуде бастама жатыр. «Үш таған» тәсілі әлеуметтік маңызы бар кәсіпорындарға ең маңызды үш негізгі салада табысқа жетуге көмектеседі. Үштік жиынтықта адамдар, планета, пайда ескеріледі.
Кәсіпкерлік қызметтен түскен бүкіл пайда жобаның дамуы мен ауқымын үлғайтуға жұмсалады. Сондықтан, әлеуметтік кәсіпкер – әлеуметтік проблемаларды шешуге тырысқан альтруист, осы салаға жанашырлық танытқан адам. 2021 жылы Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заң қабылданды, сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған арнайы тізілім бар. Осы тізілімге кіру арқылы әлеуметтік кәсіпкер мемлекеттен жеңілдіктер ала алады, – деді Әйгерім Жаналинова.
Әлеуметтік кәсіпкерліктің халықаралық тәжірибесі
Әлемде АҚШ әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша жетекші орында. Ал ТМД елдерінде әлеуметтік кәсіпкерлік Ресейде жақсы дамып келеді. Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстандағы ахуал бізбен деңгейлес.
Әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымы бізге шетелден келді. Бізде бұл бағыт жаңа, жас тренд. Мысалы, осы бағыттағы лидер елдердің бірі – АҚШ. Зерттеулерге сүйенсек, әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуы мемлекетттің қолдауына тікелей байланысты. Мемлекеттің өзі осы бағыттың дамуына мүдделі болуы керек. Өйткені, біз экономиканы дамытып, әлеуметтік мәселелерді шешеміз. Израильді жақсы мысал қыла аламыз. Бұл елде тиімды қолдау бағдарламалары бар, әлеуметтік жобаларды дамыту үшін арнайы бағдарламаларды әзірлейтін ірі кәсіпкерлер мен кәсіпорындар бар. Сондықтан шетелдік әріптестерімізден әлі де көп нәрсе үйренуіміз керек. Шет елге барып, олардың тәжірибесін бізде қолдануға болатын тәжірибе алмасу бағдарламалары бар, – деп атап өтті спикер.
Мемлекеттен қандай қолдау бар?
Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау үшін жеңіл пайызбен қаржыландыру, кәсіп бастауға орынжай беру, жұмыспен қамту бойынша өтемақылар немесе белгілі бір бағдарламалармен грант беру бойынша жобалар қарастырылған. Алайда, Әйгерім Жаналинова көптеген преференция әзірге тек жоспарларда ғана жүзеге асырылып жатыр, іс жүзінде нақты әлеуметтік қолдау әлі де қажет екенін атап өтті.
Демек, жеңілдіктердің тізімі барын көріп тұрмыз, алайда әлеуметтік кәсіпкер оларды пайдаланып, қандай да бір қызметті алғысы келгенде кедергілер мен қиындықтарға тап болады. Демек, іс жүзінде, әсіресе өңірлерде жергілікті билік заң жобасымен толық таныс емес. Сонымен қатар, кейбір облыста жергілікті билік тіпті «әлеуметтік кәсіпкерлік» ұғымымен таныс емес , – деп атап өтті әлеуметтік кәсіпкер.
Әлеуметтік кәсіпкердің мұң-мұқтажы қандай?
Әлеуметтік кәсіпкерлердің басты проблемасы – қаржыландыру. Әлеуметтік кәсіпкер үшін қолжетімді құралдар жоқ. Барлық жерде кепілдік талап етіледі. Несие алайын десе, пайызы жоғары.
Қазіргі кезде әлеуметтік кәсіпкер бизнеспен айналысу, негізгі міндеттерін шешудің орнына әлеуметтік жобаны іске асыру үшін қаржы іздеумен бас қатырады. Екіншіден, халық пен жергілікті биліктің бұл ұғым жайында мәліметі аз. Халық әлеуметтік кәсіпкерлердің не істеп жатқанын түсінуі үшін бізге өз қызметімізді жариялау, тарату керек. Әлеуметтік кәсіпкерлік – қайырымдылық емес, әлеуметтік мәселелерді шешетін бизнес. Үшіншіден, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Менің тігін өндірісім бар және мұндай бизнесті дамыту әдеттегіден екі есе қиын. Бұл кәсіп көп энергия мен ресурстарды қажет етеді, өйткені біз ерекше қажеттіліктері бар адамдарды жұмысқа орналастырамыз, – деді кәсіпкер.
Әлеуметтік кәсіпкер статусын қалай алуға болады?
Әлеуметтік кәсіпкер статусын тізілімге өтініш беру арқылы алуға болады. Тізілімге өтінімдер тоқсанына бір рет белгілі бір кезеңде және әр өңірде әртүрлі мерзімде қабылданады.
Орташа есеппен алғанда, өтінімдер екі апта ішінде қабылданады. Содан кейін бұл өтінімдерді арнайы комиссия қарайды. Комиссия қарауының негізінде кәсіпкердің тізілімге қабылдану-қабылданбауы шешіледі. Қазіргі уақытта өтініштер мен құжаттар қағаз түрінде қабылданады. Бұл процедура ыңғайсыз, көп өтінім беруші мерзімдер туралы кеш біледі немесе әлі кәсіпкерлікте ешқандай санатқа жатпайды, өйткені әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымы кеңірек. Сондықтан, біз қазір тізілімнің онлайн болуы және әлеуметтік кәсіпкердің кез келген уақытта өтініш беріп, тізілімге кіру мүмкіндігіне ие болуы үшін күш салып жатырмыз, – деді Әйгерім Жаналинова.
Кәсіпкерліктің қандай санаты тізілімге өте алады?
Әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңға сәйкес, әлеуметтік кәсіпкерлік төрт санатқа бөлінеді. Осы санаттарға жататын кәсіпкерлер ғана әлеуметтік кәсіпкер бола алады.
Бірінші санат, әлеуметтік осал санаттағы адамдарды жұмысқа орналастырумен айналысатын әлеуметтік кәсіпкерлер. Екінші санат әлеуметтік санаттағы адамдар қатарынан азаматтар өндіретін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатуға ықпал ететін әлеуметтік кәсіпкерлер. Үшінші санат: кәсіпорны мүгедектігі бар адамдарға арналған тауарлар өндіруге және қызмет көрсетуге бағытталған әлеуметтік кәсіпкерлер. Төртінші санат: қоғамдық пайдалы мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын әлеуметтік кәсіпкерлер, – деді спикер.
Қосалқы комитет немен айналысады және құрамында неше мүше бар?
«Атамекен» ҰКП жанындағы Әлеуметтік кәсіпкерліктің қосалқы комитеті осы жылдың қаңтарында құрылды. Құрамында 17 мүшесі бар.
Қосалқы комитеттің барлық қатысушысы әртүрлі өңірлерден. Өңірлерді тарту бізге бүкіл Қазақстан бойынша әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың ахуалын көрсетеді. Біз жіберілген өтінімдер мен хаттарға сәйкес мәселелер тізілімін жинай бастадық. Осы мәселелерді тізілімге енгізіп жатырмыз және жауапты органдар шешімін табу үшін жұмыс істеуі керек, – деп атап өтті Әйгерім Жаналинова.
Қосалқы комитеттің нақты міндеттері
Қосалқы комитеттің міндеттерінің бірі – Қазақстанның түкпір-түкпірінен әлеуметтік кәсіпкерлерден проблемаларды жинау. Осы мәселелерді шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Сондай-ақ, біз сараптамалық пікір бере аламыз. Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерліктің қалай дамуы керегі жайында талдауымыз бар. Біздің жұмысымыз ұсынымдық сипатқа болады. Дегенмен, біз әлеуметтік кәсіпкерлердің мәселелерін «Атамекен» ҰКП қолдауы арқылы шешуге бағытталғанбыз. Сондықтан біз Ұлттық палатамен бірге билік құрылымдары және әлеуметтік кәсіпкерлер арасында байланыс орнатамыз деген үміттеміз. Әлеуметтік салаға бағытталған барлық преференция жұмыс істеуі қажет, – деді комитет басшысы.
Қосалқы комитеттің жұмыс жоспары
Қосалқы комитет мүшелері алдағы 6 айға арналған жұмыс жоспарын әзірледі. Оның ішінде негізгі міндеттердің қатарында алынған өтінімдерден әлеуметтік кәсіпкерлердің проблемаларын шешу және әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымын тарату бар. Әр өңірде саланы дамыту, коммуникация және ақпарат таратуға жауап беретін қосалқы комитеті болуы маңызды.
Әлеуметтік кәсіпкерлердің көбі әлеуметтік аз қамтылған санатқа жатады. Өмірлік қиындықтарға қарамастан олар әлеуметтік жобаларын құруға тырысады. Олар табанды болып, күнде тынымсыз еңбегі арқылы көп адамға үлгі бола алады және олардың жобалары туралы ақпарат кеңінен таралуы керек. Біз әр өңірде өзінің қосалқы комитеті құрылғанын және проблемаларын жергілікті деңгейде шеше алғанын қалаймыз, – деп атап өтті спикер.
Әлеуметтік кәсіпкер проблемасымен қайда жүгіне алады?
Әлеуметтік кәсіпкер өзінің түйткілді мәселесін жазбаша немесе ресми бланкіде біздің asiqazaqstan@gmail.com электрон поштамызға жібере алады, – деп қорытындылады Әйгерім Жаналинова.
Сондай-ақ, осы сілтеме арқылы сіз өз өңіріңіздегі қосалқы комитет мүшелерін таба аласыз.