Aleumet мобильді қосымшасы іске қосылды

19 Қыркүйек 2023, 14:23
1075
Бөлісу:
Aleumet мобильді қосымшасы іске қосылды
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Әлеуметтік қызметтер порталы функционалының қолжетімділігін арттыру үшін мүгедектігі бар адамдар оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес оңалтудың техникалық компенсаторлық құралдарына тапсырыс бере алатын «Aleumet» қосымшасы әзірленіп, іске қосылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, қосымша толығымен тегін қызмет көрсетеді және оны «App Store» немесе «Play Маркеттен» жүктеп алуға болады.

Болашақта бұл қосымшаның функционалдығы кеңейеді, мүгедектігі бар адамдарға ұсынылатын басқа қызметтерге тапсырыс беру мүмкіндігі пайда болмақ. Оларға санаторлық-курорттық емдеу, ымдау тілі маманы, жеке көмекші және басқа да арнайы әлеуметтік қызметтер қосылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың басынан бастап мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 377 мыңнан астам қызмет алды, олардың басым бөлігі оңалтудың техникалық құралдары (бұдан әрі – ОТҚ) болып табылады.

Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген ОТҚ-ны жеткізіп беру де мүмкіндігімен қатар тапсырыс иесі өзі де алып кете алады.

Бүгінгі күні Әлеуметтік қызметтер порталында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 859 медициналық-әлеуметтік мекемелер (бөлімшелер), 482 ОТҚ жеткізушілер, 27 мыңнан астам жеке көмекші, 703 ымдау тілі маманы және 104 санаторлық-курорттық емдеу қызметін беруші тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар шеңберінде көзделген.

Порталды пайдалану бойынша консультацияларды 1414 бірыңғай нөмірі арқылы байланыс орталығынан алуға болады.

Өзгелердің жаңалығы